Айдос Сарым: Көпшіліктің пікірі ескеріледі

Ресейдің «Сбер» компаниялар тобымен қолға алынатын жобаға отандық IT мамандар көбірек тартылуы керек.

Сонда бұл іске бюджеттен бөлінетін қаражат елде қалады. Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым арнамызға берген сұхбатында осылай деді. Ол Үкіметтің цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу жобаларын құптайтынын айтты. Себебі, электронды үкімет саласы былтыр пандемия кезінде осалдығын көрсетті. Ал «Сбермен» бекітілген меморандум – алғашқы кезең шаруасы. Әлі алда қоғамдық кеңес құрылып, жобаны жүзеге асыру қажеттілігі мен жолдары талқыланады. «Яғни, көпшіліктің пікірі ескеріледі», - деді депутат.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл істі жүзеге асыруға жүздеген кәсіби маман керек. Олар көбіне жергілікті мамандардан жасақталса игі. Сонда бюджеттен бөлінетін қаражат мейлінше елде қалады. Бұл жан-жақты талқылауды қажет ететін шаруа. Даурығуға болмайды. Әзірге келісім меморандум күйінде ғана. Бұл бірден жүзеге асатын шаруа емес. Министр қоғамдық кеңес құрып, жұрттың пікірін ескеретінін айтты.