Елімізде дизель отыны тек талонмен беріліп жатыр

Елде дизель тапшы. Оңтүстік өңірлерде бұл отын тек талонмен беріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жанармай бекетінің иелері Кәсіпкерлік палатадан көмек сұрайды. Айтуларынша, ішкі нарықтың тұрақсыздығы мен тапшылық салдарынан ауыл-аймақ халқы қиналып отыр. Дәл осылай жалғаса берсе, бекеттер жабылып, қала орталықтарындағы алпауыт мекемелер желісі ғана қалуы мүмкін.

Мұнай өнімдерінің тапшылығы дизельдік отында көп байқалады. Жыл ортасынан бері сұйық отынның сатылуында түрлі кедергілер орын алған. Салдарынан шалғайдағы бекеттерде ұзын-сонар кезек байқалып, қала арасындағы орындар дизельді сатылымнан мүлде алып тастады.

Мырзахмет Сынабаев, жанар-жағармай бекетінің басшысы:

- Қазір дизель болмағаннан кейін дизельді алып тастадық та, 95-92 сатылып жатыр. Дизель жоқ. Жарты жылдай болды ғой болмағанына. Сұрап келеді, дизель жоқ. Автобустар бар, техникалар бар бізде, тоқтап қалып жатыр. Құрылыспен айналысып жатырмыз. Құрылыстағы пакурчиктерімізге де дизель жоқ. Қиналып жатырмыз.

Кәсіпкерлер, әсіресе, ауыл шаруашылығы көп қиындық көріп жатқанын айтады. Жүк көліктері де осы дизельге тәуелді.

Берік Жұмабеков, жанар-жағармай бекетінің басшысы:

- Дизель отынының бағасы 162 теңге өзіндік құны. Ал осы айда бізге «Petrosun»-ның көтерме компаниялары бар бізге берілмеген көлемді өздері нарыққа шығарады. Олар бізге дизель отынын 205 теңгеден ұсынды. Біз ол бағадан алып сататын болсақ, біз тек шығынға батамыз.

«Қиындыққа қарсы тұрып, мәселені бірлесіп шешу керек», деген бір топ кәсіпкер өз наразылығын білдіріп, «Атамекен» қолдау орталығына келді. Арнайы жиынды онлайн және офлайн форматында ұйымдастырып, тақырыпқа қатысы барлар түгел тартылды.

Бақытжан Қолдасов, «Ынтымақ» тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі:

- Бүкіл дүниежүзі өзінің практикасында қолданып жатқан биржалық саудасын біздің Қазақстанға ендіретін болса дәл осындай жағдайға біз келмейтін едік. Қазір 80-85% бүкіл Түркістан облысы бойынша, Шымкент қаласы бойынша станциялардың бәрі бос тұр. Ешкімде бензин де, соляркада жоқ. Оны алатын жер де жоқ.

Түркістан облысында да дизель отынының тапшылығы байқалады. Бағасы қымбаттамағанымен жанармай құю бекеттерінде жүргізушілерге тек талонмен беріліп жатыр. Онда да 50 литрден артық сатылмайды. Бұдан ең алдымен шаруалар мен жүк тасымалдаушылар зардап шегуде. Мәселен, Ресейден келе жатқан мына жүк көлігінің жүргізушісі жол бойы қолма-қол ақшаға жанармай таппағанын айтады. Қазір май құю бекеттерінде дизельдің бағасы 193 теңге деп көрсетілген. Бұл өткен аптаға қарағанда 5-10 теңгеге арзандағаны дейді жүргізушілер.

Мұстафа Паша, жүргізуші:

- Бүгін жолға шығайық деп келсем, «талон» дейді. Талонымыз жоқ, бір сағат болды жолға шыға алмай жүрміз. Талон мәселесі шешілсе, қолма-қол ақшаға сатып алсақ та жақсы болар еді.

Дизель отынының тапшылығын ақтөбелік шаруалар да сезініп отыр. Әсіресе, ірі жанар-жағармай құю станциялары жоқ шалғай аудандардағы қожалық иелері оны облыс орталығынан іздеуге көшкен. Бірақ қаланың өзінде де табу қиын. Көп жерде тек арнайы талонмен беріледі. Ал еркін саудадағы дизель отынының бағасы едәуір өскен. Жаз айларында әр литрі 185-190 теңгенің көлемінде болса, қазір 220 теңгеден жіберілуде. Мұндай жағдай шаруаларға оңай тимей тұр. Себебі, кей аудандарда егін мен шөп шабу науқаны әлі де аяқталған жоқ. Олардың айтуынша, күзгі далалық жұмыстарға арналған арзандатылған дизель отынын алу да қиындап кетті.

Марлен Баймағамбетов, «Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығының жетекшісі:

- Ең басты проблема – арзандатылған жағармай қолжетімсіз болып отыр. Біздің Ақтөбе облысына белгісіз себептермен 13 теңгеге қымбаттап отыр. Оны да алу үшін қазір көптеген проблемалар бар. Және де мына қазір біздің көптеген шаруашылықтар, Темір ауданынан, Ойыл ауданынан жанармайдың жоқшылығына наразылық білдіріп жатыр. Олар сол Ақтөбеге, Қобдаға 150-200 километрге солярка іздеп қаңғып жүреді.

Еліміздің солтүстігінде де дизель тапшы. Өңірде сұйық отынның бұл түрі тек санаулы жанар-жағармай бекеттер желісінде ғана бар. Оның өзінде талонмен босатып жатыр. Бірақ бір тілім осы қағазды таппай жүргендер көп. Салдарынан баға да шарықтап кетті. Мәселен оның бір литрі қазір 255, ал қысқы түрі тіпті 285 теңге. Жалпы аймақта бұл проблеманың туындағанына бір аптадай уақыт болған. Әкімдіктігеілердің айтуы бойынша күзгі жиын-терімнің салдарынан осындай жағдай қалыптасып отыр. Қазір әсіресе, шет ел асатын көлік тізгіндеушілерге қиын болып тұр.

Мехмедали Музафаров, жүргізуші:

- Солтүстік Қазақстанда дизель таппай жүргеніме бірнеше күн болды. Жанармай бекеттерінің бәріне тоқтадық. Ондағылар тек талон сұрайды. Ал біз Красноярьск қаласында қауын-қарбыз апара жатырмыз. Қазір ең бастысы, Ресейдің шекарасына өтіп алу. Мүмкін ол жақта жағдай басқаша болар. Бактағы дизель таусылса, онда тоқтап, жол-жөнекей жүргізушілерден көмек сұраймыз.

Энергетика министрлігі қазір мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының рекордтық мөлшерін өндіріп жатқанын айтады. Сәйкесінше, тұтынушылардың да саны бірнеше есеге өсіпті. Сондай-ақ көрші елдерге сұйық отынды заңсыз экспорттау арқылы қымбат бағаға саудалау фактілерінің көбейгенін алға тартты.

Талғат Құрманбаев, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директорының орынбасары:

- Премьер-Министрмен бірге жиналыс өтті. Президент деңгейінде бөлшек сауда бағасын көтеру туралы кеңес күтілуде. Ертең министрлік өкілдері Қазақстанға дизель отынын импорттау мәселесін пысықтау үшін Мәскеуге ұшады.

Сұйық отынның литріне шаққандағы бағасы қайда барып тұрақтайтыны белгісіз. Алайда мамандар елдегі жанармайдың тым арзан екенін сеніммен айтып отыр. «Ішкі нарықтағы бағаның өсуі көрші елге заңсыз экспорттауды тұралатады», - дейді. Ал қазақстандықтар бензин бағасы өссе, азық-түлік пен тауар бағасы қайта шарықтайды ма деп алаңдаулы.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов