Елімізде IT мамандарға сұраныс артты

Елде кейінгі 2 жылда IT мамандарға сұраныс екі есе артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған қарамастан еңбек нарығында кадр тапшылығы әлі де өзекті. Дипломын алған түлектердің бірі жоғары жалақыға қызығып шетел асса, енді бірі басқа кәсіпке бет бұрған.

Орда бұзар жасқа келген Айбек елордадағы жетекші компаниялардың бірінде жүйелік әкімші болып жұмыс істейді. Бірақ ол секілді кәсіби мамандығы бойынша еңбек етіп жатқан жастар елде көп емес. IT маман бірге оқыған достарының тең жартысы басқа салада жүргенін жасырмады.

Айбек Молдамұратұлы, IT-маман:

- Өйткені жартысы өз мамандығында жүр. Жартысы бөлек компанияларға кетті. Бұл IT саласынан бөлек. Мысалы, мамандық таңдағанда қателескен болуы мүмкін.

Расымен де Білім және ғылым министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, былтыр қолына дипломын алған 11 мың түлектің тек 6 мыңнан астамы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Жалпы елде 81 жоғары оқу орны IT кадрларды даярлайды. Онда оқып жатқан студенттердің саны қазіргі таңда 54 мыңға жуықтайды. Оның ішінде 29 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр.

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ департамент директорының орынбасары:

- Осы саладағы мамандарды сапалы даярлау үшін ЖОО-лардың консорциумы құрылып отыр. Бұлар бірлесе отырып осы саладағы мамандарды даярлауға атсалысады. Білікті, жеке тұлғалы мамандар болады. Сол мамандармен айырбастау бір-бірімен. Екінші мәселе ол IT саласындағы компаниялардың қаншалықты жұмыс орны бар деген сөз.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту орталығы биыл 200 IT маманды жұмысқа орналастырды. Еңбек порталындағы ақпарат бойынша 1300 жұмыс беруші жалпы 3 мыңнан астам бос жұмыс орнын жариялады.

Алтынай Қосыбаева, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының кеңесшісі:

- Оның ішіндегі бүгінгі жаңағы IT мамандығы бойынша 13 вакансия бос боп тұр. Оның ішінде веб-дизайнер, инженер-программист, техник-программист, сосын әкімшілік жүйесін басқару, СММ-менеджерлер бүгінгі күні тапшы болып тұр.

«Жас мамандар жұмыс берушілердің талабына сай болу үшін кәсіби білімімен қатар логикалық, аналитикалық және математикалық ойлау қабілетін дамыту керек», - дейді Еуразия технологиялық университетінің проректоры Қадиша Нұрғалиева.

Қадиша Нұрғалиева, Еуразия технологиялық университетінің проректоры:

- Мен өзім осыдан 3 жыл бұрын қабылдау комиссиясында жұмыс атқардым. Сол кезде қарап тұрсақ, ауылдық квотамен ҰБТ-да 50 балл алған балалар IT мамандықтарына түсіп кетіп жатты. Қазіргі таңда ол балалар 3-4 курсқа келе, біз жоғарыда айтып кеткен аналитикалық, математикалық ойлау қабілеті төмен болғандықтан, олар оқудан шығып кетіп жатты.

Білікті мамандар жерде қалмайды. «Жұмыс берушіге жалақы бойынша талап қоятындар аз емес», - дейді экономист.

Қадиша Нұрғалиева, Еуразия технологиялық университетінің проректоры:

- Қазіргі таңда бізде бітірген жас түлектердің ең алғашқы айлықтары 150 мың теңгеден аспайды. Ары қарай олар өсе келе, 500 мың теңгеге дейін алуы мүмкін. Ал шетелдік компаниялар 1 млн-нан астам айлық ұсынады.

«IT мамандардың тапшылығы – бұрыннан келе жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселе», - дейді Шавкат Сабиров. Қазақстан интернет қауымдастығының басшысы сондай-ақ электрондық Үкіметтің жаңаруы туралы пікір білдірді.

Шавкат Сабиров, «Қазақстанның интернет қауымдастығы» ЗТБ жетекшісі:

- Жалпы «Цифрлық Үкімет» тұғырнамасын жаңғырту идеясын дұрыс деп санаймын. Біз бұл науқанды 2010-2012 жылдары бастауымыз керек еді. Бірақ «Сбер» платформасы жақсы немесе жаман деп кесіп айта алмаймын. Және олар жеке деректер базасына қол сұғады деп те ойламаймын. Басқа да озық тұғырнамаларды зерттеп көрсек, артық болмас па еді деген ой ғой менікі. Өйткені отандық электрондық үкіметтің осы күнге дейінгі жетістігі ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда озық.

Айта кеткен жөн, 2021-2022 оқу жылында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына 10 мыңға жуық грант және информатика мұғалімдерін даярлауға 823 грант бөлінген. Ал IT мамандығы бойынша биыл оқуын тәмәмдаған 14 мың түлектің жұмысқа орналасу көрсеткіші тек жыл соңында жарияланады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсебаев, Диас Қовланбаев