Қ.Тоқаев: Кендірлі аймағы мен Баутин портының мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет

Маңғыстау облысы еліміздегі ең үздік он туристік аймақтың қатарында. Қазір өңірге баратын саяхатшы саны артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, курортты жерлердің туристік әлеуеті толық игерілмей отыр. Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар Кендірлі аймағы мен Баутин портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы осыны тапсырды.

Кеңестен соң Мемлекет басшысы туризмді дамыту жоспарымен танысты. Былтыр Ақтауда Каспийдің маңынан Rixos қонақ үйі ашылған еді. Демалыс кешені туризмге оң ықпал етті. Ал, биыл шілдеде қонақ үйдің жанынан аквапарк пен аттракцион бой көтерді. Бұл екі жобаға да түріктің құрылыс компаниясы инвестиция құйған. Әлі де құюда. Айталық, шетелдік компания мына ауданда 300 вилла, гольф клуб, 40 мың шаршы метрлік сауда кешенін салып жатыр. Бәрі де жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ринат Меркамал, Түркиялық құрылыс компаниясы бас директорының көмекшісі:

- 2020 жылы Rixos қонақ үйін аштық. Сол Rixos қонақ үйін ашқанда көптеген туристер келді. Маңғыстау өзінің көрікті жерлерімен таныла бастады. Осы жылы тағы тематикалық паркты аштық. Ол екінші қарқын туристерді алып келді. Әрине, мынау гольф клуб пен сауда-саттық орындары және келесі келетін отельдер жағымды жағынан туризмге белсенді беделін береді.

Түріктікінен бөлек, өзіміздің де құрылыс компаниялары қазір Каспийдің жағасында демалыс орындары мен тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Себебі, сұраныс бар. Аймаққа, әсіресе, Ақтауға келетіндердің қатары жыл санап өсіп келеді. Мәселен былтыр пандемияның өзінде облыста 160 мың турист болған. Ал, биылғы бірінші жартыжылдықта Маңғыстауда 139 мың адам демалған. Жыл аяқталғанша 180 мыңға жетіп қалуы кәдік. Келесі жылы тіпті 300 мыңдай турист келуі мүмкін деген болжам бар. Ал...

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Ал, 2025 жылы Маңғыстау аймағына 1 жылда келетін турист санын 750 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін қандай жағдай жасалатынын айттық. Бірегей нысандар салынып, осы қарқынмен көркейе берсе, Ақтаудың да Анталияға айналар күні алыс емес.

Нұрәділ Иманғалиев, Маңғыстау облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Өздеріңіз көріп отырғандай, Ақтау Анталиядан кем емес. Анталияға айналу ықтималдығы бар. Жалпы осы туризм саласында 2022-2025 жж аралығында жергілікті компаниялармен 8 жоба іске асыру жоспарланған. Олар 70 млрд теңгеден астам. Бұлар енді біздің жергілікті жобалар.

Аймаққа жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Ақтауда жаңадан салынған «Халық Аренаны» ашты. Спорт кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бұл – бүкіл Маңғыстау өңіріндегі ең үлкен спорт кешені. 8 залы, 4 спорт алаңы бар. Бір мезетте спорттың 19 түрімен 2500 адам айналыса алады.

Президент спортшыларға сәттілік тіледі. Сәттілік тіледі де, өзінің теннистен спорт шебері атанғанын атап өтті.

Әсем Таңатар, бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

- Облысымызда осындай спорт кешенінің ашылып, қолданысқа берілгені жастардың спортпен шұғылдануына, мүмкіндіктерін арттырып құлшыныстарын арттыруда. Бұйырса, біздің мақсатымыз – Олимпиадаға қатысу, чемпион болу. Оған дейін осында еңбектеніп, тер төгеміз.

Облыстағы 700 мыңнан аса адамның осы күні 264 мыңы спортпен айналысады. Бұл өңірдегі жұрттың 36%-і спортты серік етеді деген сөз. Ал, 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 50%-ке жеткізу міндеті тұр.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы