Талдықорғанда қала күніне орай «Аяулы алақан» ескерткіш аллеясы ашылды

Алматы облысының жеке әкімшілік аймақ болып қайта құрылғанына бүгін жиырма жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2001 жылы Елбасы Жарлығымен Талдықорған қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген болатын. Содан бері қыркүйектің 22-сі «Қала күні» ретінде тойланып келеді. Атаулы мерекеде шаһар тұрғындарына пәтер кілті табыс етілді. Қоғамдық көліктер жаңартылып, дәрігерлер құрметіне арналған «Аяулы алақан» ескерткіш аллеясы ашылды.

Алматы облысының медицина мамандары індет тарағалы 52 мыңнан аса адамды аурудан айықтырды. Сырқаттанғандарды сауықтырам деп жүріп 14 білікті дәрігер короновирустан көз жұмған. Терең мағыналы ескерткіш мылтықсыз майданның алғы шебіндегі қызмет иелеріне деген құрметтің белгісі.

Гүлмира Тоқбаева, қала тұрғыны:

--Менің жолдасым Сахариев Абай облыстық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі еді. Індеттің құрбаны болып кетті. Олардың жанқиярлық еңбегі бекер емес. Балаларымыздың болашағы керемет болады деп сенемін.

Жаңадан алынған 55 автобус бүгін қолданысқа берілді. Көгілдір отынмен жүретін заманауи үлгідегі қоғамдық көліктер енді қалалықтарға қызмет етеді.

Талдықорғандық 55 отбасы қала күнімен қатар қоныс тойын тойлады. Баспаналы болғандардың қатарында облыстық полиция департаментінің арнайы жасақ жауынгері Айбек Омаров та бар.

Анархан Омарова, қала тұрғыны:

- Енді бұрын балалар көшіп-қонып, пәтер жалдап еңбек етті. Енді қысылмайды, қымтырылмайды. Келген қонағын күтіп алады.

Жиырма жылда Талдықорғанда жаңадан 8 ықшам аудан құрылды. Шағын қала еліміздегі ең таза, көрікті және өмір сүруге қолайлы шаһарлардың біріне айналды. Облыс орталығымен қатар аудандар да дамып тұтас өңір өркендеді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- - Біз Талдықорғанға көшіп келгенде облыстың экономикасы 27 млрд болса, қазіргі кезде 1 трлн екі жүз млрд теңге. Салық жиналған 17 млрд ал қазір 870 млрд теңге. Осының бәрі Елбасының қолдағаны, Қасым-Жомарт Кемелұлының соның бәрін көмек көрсетіп жатқаны.

Салтанатты жиында әртүрлі салада еңбек етіп шаһар дамуына үлес қосқандар марапатталды. 6 адамға «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев