Қ.Тоқаев: Қазақстан әлемдегі ұжымдық иммунитетке үлес қосады

Қазақстан коронавирусқа қарсы екпе ойлап тапқан әлемдегі алғашқы он елдің бірі.

Біз осылайша, дүниежүзілік ұжымдық иммунитетке үлес қосамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитінде осылай деді. Президент шұғыл түрде вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру қажеттігін ескертті. QazVac коронавирустың дельта штамына төтеп бере алатынын дәлелдеді. Оның пайдасын өзге мемлекеттер де көруі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев: «биологиялық апаттар мен дағдарыстардың алдын алу үшін де күш біріктіруіміз қажет», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Медициналық сертификаттар пандемиядан кейінгі кезеңде жұмысты қауіпсіз қайта қалпына келтіруге, экономиканың тез оңалуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Біз COVID-19 вакциналарына деген сенімді арттыру үшін әлеуметтік желілердің құралдарын қолдануымыз керек. Масс-медиадағы ғылыми негізделген ақпараттардың тапшылығынан қоғамда күмән немесе сенімсіздік бар. Біз халықтың вакцинаға деген сенімін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарында нақты деректерге сүйенуіміз керек.