Ақтауда қирағалы тұрған үйдің тұрғындары жанын шүберекке түйіп отыр

Ақтаудағы апаттық үйдің жағдайы әлеуметтік желі қолданушыларының жағасын ұстатты. 3-шағын аудандағы 2 үйдің іргетасы шөгіп, төбесі түскелі тұр. Қирағалы тұрған баспанада он шақты отбасы тұрып жатыр. Олар жанын шүберекке түйіп күн кешетінін айтады. Әкімдіктен қайыр болмаған соң үйдің жағдайын видеоға түсіріп, желіге жариялаған.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Бұл екі үй өткен ғасырда пайдалануға берілген. Мұнда алғаш Ақтау қаласын салған құрылысшылар тұрған. Қазір жағдайын көзімізбен көрейік. Үйдің қабырғасы қақырап, құлағалы тұр, міне, ағаштары да шығып кеткен. Мұнда баспалдақпен екінші қабатқа көтерілудің өзі қорқынышты.

Бұл әлеуметтік желіде елді шулатқан әуесқой түсірілім. Жай көрініс емес, осындағы жұрттың жанайқайы. Кадрда үйдің жантүршігерлік жағдайы көрсетілген. Мұндағы әр тұрғын үшін әрбір түн қорқынышпен өтеді.

60-ты алқымдаған Тұрсынай Ақжігітова 15 жылдан бері апатты үйді паналап келеді. Аядай бөлмеде 8 жан тұрады. Баспана деген аты болмаса, іргесі сыз тартқан. Есік-терезесі тозып, төбесі сарғайып тұр.

Тұрсынай Ақжігітова,  қала тұрғыны:

- Үй қирап қалады-ау деп қорқамыз, жауын жаумағай деп тілейміз. Төбедегі үйге су ағады, ол бізге келеді, биыл жаумады, тілегімізді берген шығар. Мынадай үйде тұрғымыз келмейді, ең төмен осы жер. Немерелеріміз айтады «әже қашан үлкен үйлерде тұрамыз» деп.

7 жыл бұрын апатты деп танылған екі үйде әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасылар тұрып жатыр. 

Бекболат Қыдырбаев, қала тұрғыны:

- Новый үй береміз деп осы күнге дейін келе жатырмыз. Ноябрьде береміз деді, білмейміз енді. 94-95-те келдім ғой, көшіп келгелі ремонт болған жоқ. Мыналардың бәрі құлап жатыр.

Ал әкімдік өкілдері ескі үйлердің кезең-кезеңмен бұзылып келе жатқанын хабарлады. Осыған дейін апатты деп танылған 13 үйді бұзып, 500-ден астам адамды көшірген. Қазір тек 2 үй қалған. 

Айбек Ербөлеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2014 жылы қала әкімдігінен қаулы шығып, апатты үйлерді бұзып, орнына жаңадан үйлер салуға инвестормен келісім жасақталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталмауына байланысты сұрақтар туындап отыр. Карантинге сәйкес кешігіп отыр. Соған байланысты жылдың соңында жоспарлап отырмыз.

Демек, тұрғындардың қоныс тойы алыс емес. Жалпы Ақтауда тағы ескі 15 үй бар. Инвестордың қаражатымен алдағы 5 жылда бұзылып, орнына 9 көп қабатты үй салынбақ. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев