ШҚО-да азаматтығы жоқ азамат тұрады

Шығыс қазақстандық  Мұрат Мұсатаев 18 жыл бойы Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Көкпекті аудандық көші-қон полициясының табалдырығын тоздырған ол, құзырлы орган өкілдерінен көңілі қалғанын айтады. Құжаты болмаған соң жұмысқа да тұра алмаған. Енді зейнеткерлікке шығуы мұң. Амалы таусылған азамат біздің арнаға шағымын айтып келген еді.

Азамат бар, ал азаматтық жоқ. Көкпектілік Мұрат Мұсатаев 2003 ж. Германияға отбасымен көшіп, бірақ 1 жылдан кейін жалғыз өзі елге оралады. Содан бері ол өзін туған елінің азаматы ретінде сезіне алмай келеді. Тіпті барлық  құжатты кезең-кезеңімен рәсімдеген. Алайда әлі күнге дейін азаматтық ала алмады. Жергілікті көші-қон полициясы күнде «ертеңмен» шығарып салып, 18 жыл сенделтіпті.

Мұрат Мұсатаев, Көкпекті ауданының тұрғыны:

- Маған инопланетяндар сияқты қарайды, безразлично қарайды, болды. Былай нетіңіз, былай етіңіз деп қоя береді, болды. Маған гражданство, пенсия керек, и болды басқа түк те керек жоқ.

Мұрат Мұсатаев елге келгелі жөнді жұмысқа да орналаса алмады. Біреудің малын бағып, қорасын салып нәпақа табады. Қазір созылмалы ауруы меңдеп, денсаулығы сыр берген. Толыққанды ем қабылдау үшін ақы төлеу керек. Өйткені азаматтығы жоқ.

Мұрат Мұсатаев, Көкпекті ауданының тұрғыны:

- Егер қабылдасақ дейді әрбір лампочкаға, төсек-орынға, бәріне төлейсіз дейді.

Мұрат мұнда екінші рет отбасын құрды. Егер бүгінгі жұбайым болмаса, қаңғыбасқа айналар едім дейді ол.

- Мы не можем пожениться, так как у него нету гражданства.

Әкесінің енді жүгіретін жайы болмағасын бұл іске қызы араласты. Азаматтық алу үшін олар Германия елшілігінен сол елдің «азаматтығынан бас тарту туралы» құжатты екі мәрте сұратыпты. Бірақ екі ретінде де құжат негізінде Қазақстан азаматтығын рәсімдеп үлгірмеген.

Меруерт Кәрімова, М.Мұсатаевтың қызы:

- Осы екінші рет алып жатырмыз, екінші рет алғанда бізге айтты енді үшінші рет, төртінші рет деген бізге берілмейді, сол себепті бізге осы биыл азаматтық алған жақсы болшуы еді. Біз құжат тапсырғалы 18 жыл болды, 18 жыл ішінде жауап алған жоқпыз.

Неге деген сұрақты біз облыстық полиция департаментіне қойдық. Олар «мына себептен» деп нақты айта алмады. Тек осы жыл соңына дейін Мұрат Мұсатаевқа Қазақстан азаматтығын алып береміз деп уәде етті.

Максим Пупков, ШҚО ПД Көші-қон басқармасы бастығының орынбасары:

- Бұл сұрақты біз өз бақылауымызға алдық. Барлық құжаты қарастырылды. Көші-қон комитетіне де жіберілді. Енді Президент бұйырығымен азаматтығы қалыпқа келтіріледі.

Құзырлы орган өкілдері бұл уәдесін жаңа жылға дейін орындамаса Мұрат Мұсатаев қайтадан Германия азаматына айналып шыға келеді.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов