Ақмолалық Жарқайың және Қорғалжын аудандарының халқы вакцинаны 100% салдырған

Ақмола облысында бірнеше ауданның тұрғындары коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

Жарқайың және Қорғалжын аудандарының халқы 100 процент вакцина салдырған. Ал егіндікөлдіктер  жоспарды 14 процентке асыра орындапты. Алайда облыс орталығы Көкшетау қаласында вакциналау жұмысы әді де мардымсыз. Жалпы облыс бойынша қазір 280 мыңға жуық адам екпенің екі компонентін де салдырған. Жоспар бойынша әлі 130 мыңнан аса тұрғын вакциналаудан өтуі тиіс.

Қанат Ысқақов, Көкшетау қаласының бас санитар дәрігері:

- Вакцинация екпіні бізде төмендеді. Оны мойындаймыз. Қалада 66 мың 744 адам екпенің бірінші компонентін алды. Бұл 56,7 процент. Қазір осы жұмысты жандандыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Шаһарға қосымша жылжымалы медициналық кешен алып келдік. Ол қазір «Сарыарқа» мөлтек ауданында тұр. Екі аптадан соң басқа жерге ауыстырамыз.