Тоқаев армияның аяқ алысын қалай бағалады?

Маңғыстауда «Отпантау-2021» оқу-жаттығуы өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы бүгін Қарулы күштердің дайындығын тексерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы Бас қолбасшы Оймаша полигонына келіп, әуелі Бас штабтың басқару бөліміне кірді. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берілді. Кейін Президент арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақ пен техниканың заманауи түрлерін көрді. Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялық инфрақұрылымның жобаларымен танысты. Осыдан соң әскери оқу-жаттығу басталды.

Бұл елдегі ең ауқымды оқу-жаттығу. Стратегиялық деген сипатқа ие. Бір мезетте Шығыс, Батыс және Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының 7 полигонында өтіп жатыр. Ұзын ырғасы 9 мың адам, құрлық әскерлерінің 3 мың, авиацияның 66 техникасы мен теңіз күштерінің 8 кемесі шығарылды.

Жоғарғы Бас қолбасшы алдында әскердің барлық түрі дайындығын көрсетті. Оқу-жаттығуда жаңа әдіс-тәсілдер қолданылды.  

Жаннұр Сатқынов, Батыс өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу əскерлері бригадасының командирі:

– Бұл оқу-жаттығудың басты ерекшелігі – мына заңсыз қаруланған топтармен жаңа тісілде ұрыс тәлісін жүргізу. Сауытты техникаларымыз ойламаған жерден шығып, ұрыс-атыс дайындығын, тойтарыс беру мақсаты.

Әуеден де жерден де соққылар жасалды. Барлау қызметінің әлеуеті көрсетілді. Нәтиженің бәрі басқару бөлімінен бақыланып, әскерлердің ұтқырлығы бағаланды. Бұдан бөлек Қарулы Күштердің, ведомствоаралық бөлімдердің, сондай-ақ жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері жүргізген іс-қимылдар Президентке онлайн режимде көрсетілді.

Нұрлан Алдияров, Батыс өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

– Интенсивтік әскерлердің іс қимылдары Оймаша оқу полигонымен қоса Тоқмақ мысында және Жаңаөзен тас жолы бағытының аэродромдық жол учаскесінде өтті. Оқу жаттығудың түркі ойына сәйкес мотоатқыштар, танк, артилеррия және зениттік бөлімдер авиациямен тығыз байланыста бола отырып, заманауи әскери қақтығыстардың үлгісімен ұрыс әдістерінің жаңа формалары мен элементтерін пысықтадық. 

Бұл оқу-жаттығу өзіндік ерешелікке ие. Жаңа әдіс-тәсілдер қолданылғанын айттық. Бір бұл емес. Биыл атауы да өзгерді. Бұған дейін «Батыс» деп аталып келген әскери іс-қимыл осы жолы «Отпантау» болып түрленді. Бұл да бекер емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл тарихи мекен – елдік пен ерліктің, бірлік пен тұтастықтың символы. Ел шетіне жау тигенде бабаларымыз осы таудың басына «Ұран отын» жаққан. Жауапты сәтте бір тудың астына жиналған. Сондықтан жұртымыз оны «Бірліктің оты» деп атаған. Ерлеріміз туған жерді қорғау үшін жорыққа Отпантаудың бауырынан аттанған. Осы жерде ұлт тағдырын шешетін маңызды жиындар өткен. Бұл игі дәстүр қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Біз батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Сонымен бірге дәстүр сабақтастығын сақтаймыз. Ең бастысы, байтақ даланы ұрпағына мирас еткен бабалар аманатына адал болып, Отанымызды қорғаймыз.

Қарулы Күштеріміздің қауқары зор. Оқу-жаттығу жиындарында, әсіресе халықаралық іс-қимылдарда біздің әскердің абдырап қалған кезі жоқ. Армияның зор әлеуетке ие екенін Президент те атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Армияда үнемі жаңғыру үдерісі жүргізіледі. Бұл заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге дайындығымызды қамтамасыз етеді. Арнайы операциялар жүргізетін күштер, барлау бөлімдері мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер қарқынды дамып келеді. Диверсиялық әрекеттерге  қарсы іс-қимылдар пысықталады. Тура соққы жасайтын қарулар мен ұшқышсыз басқарылатын құралдар кеңінен қолданыла бастады.

Жалпы оқу-жаттығу жиындары шығыстан батысқа қарай үш мың шақырым аумақты қамтыды. Мемлекет басшысы жоғары бағасын берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жеке құрам мен техниканы өз жүрістерімен, теміржол және әуе қатынастары арқылы жылжыту жұмыстары пысықталды. Бұл Қарулы Күштердің стратегиялық ұтқырлығын, қауіп төндіретін негізгі бағыттар бойынша әскери топтарды жедел құру мүмкіндігін көрсетті. Штабтардың шұғыл жағдайлар кезіндегі үйлесімді жұмысын, жоғары технологиялы қарулар мен әскери іс-қимылдарды жоспарлау әдістемелерінің қолданылуын көрдік. Әкімдіктердің де дайындық деңгейінің жоғарылағанына куә болдық. Қазіргідей «стресс-тестілеу» кезінде олардың рөлі әскери құрамдардан кем түспейді.

Армия – елдің қорғаны. Сондықтан әскерге әрдайым жіті көңіл бөлінеді. Қару-жарақ пен техника үнемі жаңғыртылып тұрады. Әсіресе әуе шабуылына қарсы техникалар, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар, барлау және радиоэлектронды құралдардың қатары толыға түспек. Авиация паркін жаңарту жұмыстары жалғасады. Әскеріміз шетелдік және отандық өндірісте жасалған тура соққы жасайтын зымыран кешендерімен жабдықталады. Тек техникалық әлеует артып қоймайды. Әлеуметтік қолдаудың да аясы кеңейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі.

Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болатынын айтты.

Олжас Қуандықов, Теңіз жаяу әскері ротасының командирі:

– Қасым-Жомарт Тоқаев мінсіз қызметтері үшін әскерилерге алғыс айтты. «Отпантау-2021» оқу-жаттығу жиыны әскеріміздің әзірлігін тосыннан тексерудің соңғы кезеңі болды. Атап өтейік, Қарулы Күштердегі іс-қимылдар қыркүйектің басында басталған.