Адам саудасына қатысты қылмыстық істердің 70 проценті ғана сотқа жетеді

Елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 120-ға жуық қылмыстық іс тіркеледі. Өкінішке қарай, олардың 70 проценті ғана сотқа жетеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Қазақстандағы адам саудасының алдын алу туралы арнайы бағдарламаның таныстырылымында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыда ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында азаматтардың және өзге де адамдардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек, азаматтық және мәдени құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты арнайы талдамалық баяндамасының таныстырылымы өтті.

Қылмыстың ашылу деңгейінің төмендігі – құқық қорғау және мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен байланысының жоқтығында, – дейді жиынға қатысқан сарапшылар.

Қазақстанда адам саудасы көбіне еңбекпен қанау және зорлық түрінде көрініс табады.

Арнайы баяндамада Қазақстандағы адам саудасының алдын алуды жетілдіру, сонымен қатар зардап шеккендердің барлық санатына атаулы әлеуметтік қызмет көрсету мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ комиссия мүшелері шаруа қожалықтарындағы еңбек күштерін бақылайтын мониторингтік топ құру қажет дейді.

Айта кетейік, арнайы баяндаманы мемлекет басшысы мақұлдаған.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары  жөніндегі комиссияның хатшысы:

– Адам саудасының құрбандары болған барлық азаматтар, шетелдік азаматтар тұрғылықты тұрып жатқан, уақытша тұрып жатқан азаматтығы жоқ адамдар, босқындар – барлығы атаулы әлеуметтік қызмет ала алады.