Борышкер мен несие беруші арасындағы қарым-қатынастың шиеленіспеуі өте маңызды – Президент

«Борышкердің жалғыз мүлігін тартып алмау қажет». Таяуда Алматыда болған атыстан кейін тәуелсіз сарапшылар мен экономистер осындай ойға келді. Олар заңға түбегейлі өзгеріс қажеттігін айтады. Себебі, қарыз беруші мен алушы арасында тең құқықтық норма сақталмаған.

Дүйсенбі күні, 20 қыркүйекте алматылық 2 полицей және 1 сот орындаушы үшін әдеттегі жұмыс күні еді. Қызметтік міндетін орындау кезінде олар қайғылы жағдайға душар болды. Банк алдындағы қарызын қайтара алмаған үй иесінің қолынан 5 азамат қаза тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Борышкер мен несие беруші арасындағы қарым-қатынастың шиеленіспеуі өте маңызды. Бұл заңдық жетілдіруді талап етеді. Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржылық реттеу агенттігіне бір ай мерзімнің ішінде заңнамалық және нормативтік түзетулер топтамасын дайындауды тапсырамын. Мамандар бұл мәселені тағы бір мәрте тыңғылықты зерделеуі керек. Үкімет пен Алматы әкімдігі қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына, бірінші кезекте балаларға қолдау көрсетуі қажет.

Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайдың алдын алу болушы еді. Бірақ біздегі құқықтық нормалар борышкерге көп жауапкершілік жүктейді. Соның салдарынан қарызын төлей алмаған адам жалғыз мүлігінен де айырылады. Дамыған елдерде бәрі басқаша.

Мақсат Халық, экономист:

– Жалғыз баспананы сақтап қалу деген бір заң енгізілуі керек. Мейлі оның артық бір көлігі болса, оны алып қойса, онсыз өмір сүреді. Екі үйі болса, біреуін алып қойса, өмір сүреді. Бірақ жалғыз басындағы баспананы тартып алса, адам қиын жағдайда болады. Сосын тағы бір заң керек, жеке тұлғаның банкрорттығы туралы заң керек.

Заңдағы олқылықтың орнын толтыруға болады. Ол үшін үкімет пен ұлттық банк жұмысты жүйелеуі қажет. Бұған дейін олар заңды тұлғаларды банкрот деп танып келсе, енді азаматтардың да осындай жағдайға душар болуын қарастыруы тиіс. Тәуелсіз сарапшылар пікірі осындай.

Нұржан Бияқаев тәуелсіз сарапшы:

– Біздегі заңда қарама-қацшылықтар көп. Бір ғана банк туралы заңда, 34-ші және 39-шы баптар бір-біріне қарсы қолданылады. Бұған дейін мәселе көтеріліп келген.

Президент бұл мәселенің себебін түбегейлі зерттеуді тапсырды. Ал оқиғаның салдары белгілі. Енді үкімет екі тараптың да тәуекелін ескеріп, тиісті қорытынды шығаруы тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбаев