Бассейндегі судан улану: Алматыдағы оқиғаның мән-жайы анықталды

Алматыда бассейннің суынан 11 бала уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға бүгін таңертең сағат 10:30 шамасында болған. Жүзумен айналысатын қыздардың бассейндегі хлордың буынан уланғаны анықталды. Жауапты мекеме өкілдері тергеу, тексеру жүргізіп жатыр. Тақырыпты тілші тарқатады.

Синхронды жүзумен айналысатын 11 бала уланған мына бассейн қазір жұмысын уақытша тоқтатқан. Камераға сұхбат беруден бас тартқан нысан әкімшісінің айтуынша, келеңсіз жәйт болған уақытта бассейнде адамдар көп болыпты. Суда жүзіп жүрген 17 адамның 11-і улы газдан  зардап шеккен. Алғаш дабыл қаққан жаттықтырушылар екен. Балалар жөтеле бастаған соң дереу судан шығарып, жедел жәрдем шақырады. 

Алуа Жексенова, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Келгендегі балалардың жағдайы орташа ауырлықта, дәрігерлердің қарауынан кейін хлормен жедел улану диагнозы қойылды. Балаларға жедел түрде медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда балалардың жағдайы бірақалыпты орташа ауырлықта, өздерін жақсы сезінеді.

Ауруханаға түскендер бір-екі күнде үйлеріне қайтарылады. Осы оқиғаға байланысты қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары бассейндегі суға сараптама жүргізген. Олар судағы хлордың мөлшері көп екенін анықтаған. Оқыс жағдай 2 апта бұрын ғана қосылған суды автоматты хлорландыру құрылғысының істен шығуынан болған.

Сәдуақас Байғабылов, қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Бассейн егесі әкімшілік құқық бұзушылық бабы бойынша жауапқа тартылады. 11 бала зардап шеккендіктен нысан әзірге жұмысын тоқтатты. Барлық ақаулар қалпына келтірілген соң бассейнді тағы да тексереміз.

Ал қалалық полиция департаменті аталған жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Бұл қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату немесе қызмет көрсетуді білдіреді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов