Елордадағы тұрғын үйлердің бірі жылусыз қалуы мүмкін

Елордадағы тұрғын үйдің жертөлесіндегі жағдай тұрғындардың мазасын қашырды. Құбырлары жарылып, су кетіп жатыр. Тұрғындар бұл жағдай 7 жылдан бері қайталанып отырғанын айтады.

Бүрсең қаққан бұл тұрғындар қаланың қақ ортасындағы тоғыз қабатты үйде тұрады. Олардың айтуынша, баспана қысқа дайын емес. Ал жылу берілетін құбыр жарылғандықтан, үйдің жылыту маусымына әзір екенін растайтын паспорт берілмей отыр. Тұрғындар мәселені өздері шешпек болған. Алайда жертөлені жалға алғандар қалпына келтіру жұмыстарына кедергі келтіретін көрінеді. Оның үстіне бағалаушылар бұл жұмыстарға 16 миллион теңге керек екенін айтады. Осылайша тұрғын үй кешені күздің қара суығында жылусыз қалуы мүмкін.      

Дариға Қалекенқызы, тұрғын:

– Жертөле төменгі қабат деп көрсетілген. Ал солардың барлығын бізге қайтару керек. Жертөледе қазір 5-6 дүкен бар, олардың жалға берген ақшасын өзіміз алар едік. Зейнеткер болсақ та, ешнәрсеге қарамастан целевойды жинадық. Өйткені үй құрып бара жатыр. Астыңғы қабаттағы жертөлеміз суда тұр. Құбырлардың барлығы шіріген.

Пәтер иелері төменгі қабат жалға заңсыз берілді деп наразы. Тіпті, бұл мәселені сотқа дейін жеткізген. Ал үйдің жертөлесін жалға берген Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері заң шеңберінен шықпағанын айтады. тұрғындардың өзін апеляцияға беріп, жеңіп шыққан.  

Аслан Сатин, ӘКК актив департаментінің директоры:

– Бүгін бұл мәселені шешуге тырысамыз. Үйдің кем-кетігі, ақауы жайлы акт толтырамыз. Бірлесе отырып жертөлені жөндеуге қаражат іздейміз. Біздің қолымыздан келері осы ғана.

Тұрғын үйдің қолданысқа берілгеніне 12 жыл болды. Ал тұрғындардың жертөлені өз иелігіне ала алмай, тіпті жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отырғанына  7 жылға жуықтапты. 

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Арман Ақшабаев