426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Батыс Қазақстанда жыл соңына дейін 244 ауыл тіршілік нәрімен қамтылады

  • 159
  • UPD: 22:19, 23.09.2021

Батыс Қазақстан облысындағы 426 елді мекеннің басым бөлігі ауыз сумен қамтылған. Қалған 194 ауылға тіршілік нәрін жеткізу алдағы жылдар еншісінде. Қазір аймақта ауылдарға ауыз су тарту бойынша 29 жоба жасақталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 5,3 миллиард теңге бағытталыпты.

Соңғы 10 жылда елді мекендерді газдандыру көрсеткіші 20 процентке ұлғайды. Нәтижесінде, өңір тұрғындарының әл-ауқаты арта түсті. Ауыл халқы бұл саладағы жетістіктерді Тәуелсіздікпен байланыстырады. 

Бұл осыдан 8 жыл бұрын түсірілген кадрлар. Қаражар ауылының тұрғындары ауылымызда ауыз су тапшы. Көгілдір отынға да қолымыз жетпей отыр деп базынасын айтып еді. Бардық. Көрдік. Мәселені көтеріп, сараптамалық материал дайындадық. Кешікпей ауыл газбен толық қамтылды. Тіршілік нәрі де жетті. Күлайым апай сол бір қиын-қыстау күндерді ұмытпапты. Ол кездерді өткен шақпен айтқанына тәубе дейді. Жеткен жетістік атаулыны Тәуелсіздік тартуы деп есептейді.

Күлайым Закупова, Қаражар ауылының тұрғыны:

– Бізге суды аптасына бір рет Переметный ауылынан тасып жеткізетін. Ал үйді жылыту үшін ағаш пен көмір жағып амалдап жүрдік. Кейін газ бен су келіп баршамыз қуандық. Енді ауылымызға клуб пен спорт залы салынса дейміз. Бұйырса, ол күнге де жетерміз. Қолда барды бағалай білу керек, бәрі де тәуелсіздік табысы деп білемін.     

Ал Болашақ ауылындағы 60 шақты оқушыға арналған білім ошағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ашылды. Аядай ғана мектептің айналасында тал-терек атаулының неше түрі өсіп тұр. Жасыл желегі жайқалған соң болар, жуырда экомектеп атағын иеленіпті. Оны шәкірттер де зор мақтаныш тұтады.       

Нұрхат Сәлім, оқушы: 

– Осындай жерде біз алма теректерін отырғыздық. Алма теректерін оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер болып жасадық. Және осы 30 жылдығына байланысты Қазақстанның Тәуелсіздігіне мектептің артына 30 өрік, 30 шие ағаштарын отырғыздық.

Мектептегі пән кабинеттері барлық керек-жарағымен толық қамтылған. Спорт залы, қыздар мен ұлдарға арналған шеберхана, тіпті балдырғандарға арналған шағын орталық та жұмыс істейді екен.

Гүлнәз Қалиева, мектеп директоры:

– Ескі бұрынғы мектебі оқушылардың оқуына мүмкіндік болмағандықтан аудандық бюджеттен салынып 48 оқушыға арнап салынған мектеп. Биылғы жылы бұл мектепке де ерекше жыл болып табылады. Себебі 25 жылдыққа орай ашылған мектеп 5 жыл жұмыс жасап оқушыларымыз үлкен жетістіктерге жетіп жатыр.

Қайрат Досанов, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл соңына дейін 244 елді мекенді тіршілік нәрімен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл осы жерде тұратын 300 мыңдай тұрғын таза ауыз суды тұтынады деген сөз. Яғни, жыл соңына қарай ауылдарды ауыз сумен қамту көрсеткіші 90 проценттен асады.

Қалған 194 ауылды орталықтандырылған су жүйесіне қосу келешектің еншісіндегі міндет. Президент жолдауында айтылғандай, 2025 жылға қарай бұл мәселе 100 процент шешімін табуы тиіс.

Айта кету керек, биыл елді мекендерді газдандыру аясында 15 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде, өңір халқын көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 99 процентке жетпек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы