Жылыту масымы: тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Өткен жылыту маусымында елімізде газды дұрыс пайдаланбаудың 153 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 50 адам қайтыс болды. Бейбіт күнде мұндай қайғылы жағдайларды болдырмас үшін Талдықорғандағы газ қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатыр.

Бір ай бойы жалғасатын шараға қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы және «Жас отан» жастар қанатының өкілдері де ат салысады. 

Айдар Қизатов мекемеде тұтынушылармен байланыс қызметін атқарады. Яғни, талдықорғандықтардың табиғи газға қатысты талап тілегі мен арыз шағымын тыңдап, тиісті шешім қабылдайды. 

Айдар Қизатов, диспетчер:

– Қазіргі уақытта 10-15 өтініш түседі. Көбіне газдың утечка болуы, газдың болмай қалуы деген сияқты мәселелерге байланысты хабарласады. Қысқы уақытта ол екі үш есеге көбейеді. Солардың барлығына уақытылы апатты қызметті жібереміз. Қаланың ішінде 20-25 минутта барамыз. Қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, барлығына инструктаж жүргізіп отырамыз.

Үйлерді аралап, тұтынушылармен бетпе-бет кездесу тиімді тәсіл дейді саладағылар. Өйткені газ қызметінің мамандары тұрғындардың пешін тексеріп, кем-кетігін көрсетеді. Сонымен қатар газ жабдықтарын дұрыс пайдалану жолын да айтып береді. 

Наталья Буханцова, қала тұрғыны: 

– Мұндай рейдтер керек. Өйткені газды дұрыс тұтынбасаң, ол – өте қауіпті. Қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан біз мамандардың кеңесін тыңдап, олардың айтқанын орындаймыз.  

Бейбарыс Тілеубаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жетісу өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінің басшысы:

– Рейдтеріміз жылыту маусымына дейін жалғасады. Содан кейін қыс кезінде және көктемге таман тағы бірнеше рет осындай шара өткіземіз. Сол кезде де тұтынушылардың сұрағына жауап беріп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, ақпараттық парақшаларды таратамыз.

Биылдың өзінде Талдықорған қаласында 5878 абонент газға жаңадан қосылды. Жалпы, облыс орталығында 24 500 ден астам үй көгілдір отынды тұтынуда. Айлық аясында сала мамандары солардың басым бөлігін аралап шығуды жоспарлап отыр. Осылайша халықты ақпараттандыру арқылы туындайтын қауіп-қатердің алдын-алмақ.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов