Зарарсыздандыру құралдарын шығаратын қазақстандық кәсіпорын халықаралық көрмеге қатысып жатыр

Елордада халықаралық өнеркәсіп көрмесі басталды. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі апталығына 200-ден аса компания өз өнімін алып келген. Оның ішінде машина жасау, тау-кен металлургия кешені, химия өнеркәсібі салаларындағы ең жаңа өнімдер ұсынылды.

Пандемия тұсында өнімдері сұранысқа ие болған «Медидез» компаниясын атап өтпесе болмас. Нарыққа 2017 жылы қосылған. Қостанайлық кәсіпорынның дезинфекциялық бұйымдары жоғары сапасымен ерекше. Бірақ қиын-қыстау кезеңде сапасыз өнімін олардыкіне балап, сатқандар көбейген.

Әлия Қайрақбаева, «НПО Медидез» ЖШС Директоры:

– Мемлекеттік сатып алудың олқылығынан біз зардап шегеміз. Оған қатысушылардың көбінде ұсынар өнімі жоқ. Әйтеуір жеңсем болды дейді. Жауапсыз кәсіпкерлер өзінің сапасыз өнімдерін біздің белгімен сатады. Бұл біз сияқты өндірушілерге кесірін тигізеді.

Вирус өршіп тұрған кезеңде сапасыз қорғаныш құралдарын пайдалану қауіпті. Ал «Медидез»-де өндірістің әр кезеңі жіті бақыланады. Мұнда жылына 520 тонна зарарсыздандыру бұйымы шығарылады. Оның 13 проценті Ресей, Қырғыз, Өзбек еліне экспортталады. Елордадағы халықаралық көрме кәсіпорынның беделін одан сайын арттыруға септеседі.  

Дарья Самусенко, «НПО Медидез» ЖШС маркетологы:

– Біз түрлі көрмеге қатысамыз. Медициналық зарарсыздандыру құралдарынан бөлек, азық-түлік өндірісін де дамытып отырмыз. Өзіміз қазақстандық химиялық өндіріс қоғамының мүшесіміз. Әрқашан белсенділік танытып, өнімдердің сапасы мен маңызы жайындағы отырыстарға қатысамыз. Бұл эпидахуалға байланысты тыныштықтан кейінгі алғашқы көрмеміз.

Отандық өнімдерді насихаттауға арналған көрмеге 200-ден аса кәсіпорын қатысты. Олар ішкі нарықты қазақстандық тауармен қамтуға күш салып жүр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан