Құтқарушылар қырғызстандық және өзбекстандық әріптестерімен бірге дайындықтарын шыңдады

Алматы облысында бірнеше елдің құтқарушылары кәсіби шеберліктерін оқу-жаттығу жиынында сынап көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысында орналасқан Іле өзенінің жағасындағы «Таңбалы тас» шатқалында «Жер - 2021» халықаралық жаттығуы  өтті. Шарада азаматтық қорғаныс жүйесінің жойқын жер сілкінісі мен басқа да төтенше жағдайларға дайындығы тексерілді. 

Ұшақ құлап, бірден өрт шығады. Оны сөндіру үшін тікұшақ шақырылды. Құтқарушылар суды тікұшақ арқылы жанында ағып жатқан өзеннен тасыды. Өртті өшіруге өзге де техникалар тартылды. Бұл шын мәнінде оқу-жаттығу жинының сценарийі. Төтенше жағдайлар қызметі апатты жағдай бола қалған күнде қандай іс әрекетке баратындарын көпшілікке осылай көрсетті. Оған қоса құтқарушылар  жер сілкінісінен зардап шеккендер мен суға кеткен адамдарды аман алып қалуға барын салды. 40-тан астам техника мен екі тікұшақ жұмылдырылды. Әрине, ондай апаттың бетін аулақ қылсын. Десе де, сақтықта қорлық жоқ.      

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:

– Дәл осы сияқты жер сілкінісінде де өзге де құтқару операцияларында біздің кейбір мемлекеттермен шекаралас жатқан мемлкеттермен бірлесіп өткізуге тура келеді. Өйткені біріншіден шекара жапсарлас орналасқан. Екіншіден ол міндетті түрде жер дүмпуі басқа да бір зілзаладан бұрын Өзбекстанның шекаралас жатқан аймақатырнан сәл орталық аймақтарының екеуінің арасын су басып кетуі мүмкін. Сондай жағдайда азаматтарды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін біз жаққа лагерьлер орналстырылады. Сол сияқты БҰҰ құтқару операциялары жүргізіледі. 

Сондықтан көрші елдермен жаттығу өткізудің маңызы зор. «Жер – 2021» халықаралық жиынына Қырғызстан мен Өзбекстаннан құтқарушылар арнайы келді. Шекаралас мемлекеттер болса бір-біріне әрдайым қолұшын беруге әзір. Себебі бір өзен-көлді бөлісетін болғандықтан суға кеткен адамды бірлесіп іздеуге тура келеді.

Шухрат Азимов, Өзбекстан Республикалық Құтқару орталығының штаб басшысы:

– Өкінішке қарай, ондай жағдайлар кездесіп тұрады. Адам өмірі қыл үстінде тұрғанда біз жұмысты бөлісіп жатпаймыз. Бірге әрекет жасаймыз. Адам өмірін сақтап қалсақ – біздің еңбегіміздің нәтижесі сол. Ал мұндай жиындарда төтенше оқиға кезінде батыл шешім қабылдау, басқа да әдіс-тәсілдермен, тәжірибемен бөлісеміз.

Сонымен жаттығу барысында төтенше жағдай қызметі табиғи, техногендік апаттарға төтеп берді.

Айта кетейік, бұл жиын елімізде әр 3 жыл сайын өткізіледі. Биыл індетке байланысты біраз шектеулер болды. Десе де, құтқарушылар өз мүмкіндіктерін бір сынап  алды. Ал үздік командалар «Қазқұтқару-2021» жарысында анықталады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Ғафу Қыдыр, Сержан Жұмабаев