Жамбыл облысы Теріс ауылындағы мәдениет үйі маскүнемдер ордасына айналған

Жамбыл облысы Теріс ауылының тұрғындары ескі мәдениет үйін жөндеп беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт кейінгі 30 жылда мерекелік шара көрмедік деп налиды. Ауылдың бұрынғы мәдениет үйі бірнеше жыл бұрын апатты деп танылған. Бірақ әлі бұзылмай, маскүнемдер мен нашақорлар ордасына айналған.

Теріс ауылында мәдениет үйі жоқ. Бұрынғы ескі нысан тоқырау жылдары қараусыз қалып, жылдар өте келе тозып кеткен. Қазір 30 жылға жуық уақыттан бері қаңырап бос тұр. Іші күл-қоқыс. Маскүнемдер мен нашақорлардың мекеніне айналған.

Наталья Кожевникова, Теріс ауылының тұрғыны:

- Үнемі ерегіс. Айқай-шу болып жатады. Міне, тура үйімнің жанында тұр. Содан бірнеше күн бұрын белгісіз біреу бақшамызда ұйықтап жатыр. Әжетханаға шыққан қызым көріп қорыққанынан шыңғырып жіберді. Бұл не деген сұмдық?! Жөнге келтіруді талап етеміз.

Дәл осы ғимараттың жанынан ауыл орталығына қарай жол өтеді. Ал мәдениет үйінің сұрқы мынау. Есік-терезесі үңірейіп, еріксіз үрей тудырады. Ал бұл жермен мектепке қарай оқушылар да, мұғалімдер де күнделікті жүреді.

Нүрилә Мәмбетәлиева, Теріс ауылының тұрғыны:

- Қазір мектеп екі ауысыммен істейді. Кешке өтеді. Мына жерге жарықты орнатты, бірақ қазір өшіп қалған. Істемейді. Кешке қорқады. Мастар жүреді мына жерде. Талдың арасы, қанша дегенмен қорқады. Қанша дегенмен, майда-шүйде қыз балалар бар.

Сейданат Әлімбаева, Теріс ауылының тұрғыны:

- Жаңа жыл болса да, балалар барады. Бәрі далада жүр қаңғып. Мына жақта. Не Терістің жағалауында жүреді.

- Маскүнемдер жүретіні рас па?

- Рас. Жатады ана жерде. Ішіп жатады бөтелкені алып...

Жұрт балалардың бос уақытын өткізетін орынның жоқтығын айтып қынжылады. Тіпті ауылда соңғы 30 жылда жөнді мәдени-мерекелік шаралар өткізілмеген. Тұрғындар ескі мәдениет үйін жөндеп беруді талай рет сұраған. Бірақ мәселе шешімін таппай тұр. 2019 жылы ескі нысанның жарамды-жарамсыздығын анықтау үшін сараптамадан өткізілген. Қорытынды: ғимарат апатты жағдайда деп шыққан.

Қалан Мәмбетәлиев, Теріс ауылының тұрғыны:

- Тұрғындар бәріміз қанша мәрте жиналдық. Қанша мәрте бардық. Әкімге де бардық. Бұл тек қана бұзылу керек дейді. Бұны қалай бұзамыз. Қалай айырылып қаламыз. Бұл қалай жарамсыз болады? Мынау қабырғасы таспен соғылған. Қалай жарамсыз болады? Олар бізге айтып отыр. Келген сарапшылар айтады, бізге осындай установка түскен осы клубты жарамсыз қылып қағаз жазып беру үшін. Олар айтады, сіздер тәуелсіз экспортқа барыңыздар дейді. Тәуелсіз экспорт ол ақылы екен.

Қайсар Асылбеков, Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры:

- Қорытындысы жарамсыз деп табылғаннан кейін заң бойынша бұзылу керек. Сұрақ: неге бұзылмай тұр? Енді бұзылмай тұрғаны халық игілігімізге пайдаланайық дегеннен кейін оны округ әкіміне бердік те. Округ әкімі қайтып қорытынды жасатамыз дейді.

Терістегі ескі мәдениет үйінің тағдыры сараптамаға байланысты болып тұр. Ал әзірше колхоз кезінен қалған мына екі қабатты жатақхананы жөндеп, 100 орындық мәдениет нысанына айналдыру көзделіп отыр. Бірақ ғимарат кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Жуырда 4 миллион теңгеге мемлекеттің иелігіне қайтарылған көрінеді. Енді жөндеуді бастау үшін облыстық бюджетке 29 миллионнан астам теңгеге сұраныс берілген. Айта кету керек, Жуалы ауданында жалпы 46 елді мекен болса, қазір оның 23-інде мәдениет үйі жоқ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә