Е.Тоғжанов есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты тапсырмасын орындау бойынша арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды Рrimeminister.kz.

«Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Тек осы жылдың өзінде елімізде 8,5% өсіммен 5 мың есірткі қылмысы анықталды. Бізге бұл бағытта күресу үшін жүйелі шаралар қажет», – деп атап өтті Е. Тоғжанов.

Құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсыма берілді: телекоммуникация желісінде, оның ішінде интернет-боттарды және басқа да автоматты бағдарламаларды пайдалана отырып жасалатын есірткі қылмысының жолын кесу; тиімді мемлекеттік және әлеуметтік бақылауды белгілей отырып, нашақорлықтың бастапқы профилактикасының теңгерімді жүйесін құру; есірткіге тәуелді адамдарды емдеу әдістерін жетілдіру, аумақтық сот сараптамасы органдарының мемлекеттік есірткі диспансерлерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту; құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарын анықтау үшін қашықтан зондтау жүйелерін пайдалануды кеңейту; есірткі заттарын шетелден әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы жүйелі шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырды.