loader


МӘМС бойынша тегін емделу үшін емханаға тіркелу қажет

Медициналық көмекті тегін алғыңыз келе ме? Иә, десеңіз, тұрғылықты жердегі емханаға тіркелуіңіз қажет.

Себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер тек осы емханалар арқылы көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жарнаны кім және қанша төлем жасайды?

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Медициналық сақтандыру арқылы тегін ем алғыңыз келсе, тұрғылықты мекеніңіздегі емханаға міндетті түрде тіркелуіңіз қажет. Ал, өзге қалада басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса тек жедел жәрдем көмегіне ғана жүгіне аласыз. Немесе ақылы түрде емделесіз. Сондықтан мамандар жыл сайын азаматтарды емханаға тіркеу жұмыстарын жүргізеді. Биыл бұл науқан осы айдың 15-інен бастап 15 қарашаға дейін жалғасады. Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар емхананы өздері таңдайды. Ал, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс.

Зәуре Айдарханова, емхана директорының орынбасары:

- Толық медициналық сақтандырылу шеңберінде тегін көмекті алу үшін ол міндетті түрде емханаға тіркелуі тиіс. Қазір тұрғылықты жері ғана емес, өзіне ұнаған емханаға тіркеуге тұра алады.

Ал, медициналық сақтандыру қорына қаржыны жұмыс беруші аударады. Жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жарна төлейді. Сол арқылы осыған дейін тек ақылы диагностикалар енді толығымен тегін көрсетіледі. Яғни, томографиялық зерттеулер ақысыз жасалады. Стоматологиялық көмек толығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енгізілді. Айта кету керек, жеңілдік тек жекелеген санаттарға ғана көрсетіледі.

Нұрлыбек Қабдықапаров, қалалық «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» директоры:

- Кейбір түсініспеушіліктер болатын болса, 1406 деген Call-орталығымыз бар, сосын қолдау 24/7 деген бар сол арқылы барлық сауалдарға жауап алуға болады. МӘМС қорының пакетінен сәйкес сақтандырылған болса, сайтта жүйеде көрсетілген болса, қызметтің барлығын тегін алады.

Ескеретіні, барлық жарнаның төленгенін әр адам жеке қадағалап отырғаны жөн. Жұмыс беруші немесе азаматтардың өзі жарнаны толық аудармаған жағдайда МӘМС арқылы ем-шара алу мүмкіндігінен айырылады. Сондықтан аударылмаған төлемді толтыру қажет. Мұны жұмыс беруші немесе өзіңіз төлей аласыз. Жарна мөлшері 2125 теңге.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев

Сондай-ақ...