Ақтаулық белсенді баласын әр жерге тастап кететін әйелге шара қолдануды сұрады

Ақтаулық белсенді баласын әр жерге тастап кететін маскүнем әйелге шара қолдануды сұрады. 

Айтуынша, безбүйрек ана бүлдіршінді жиі ұрып-соғып, зәбір көрсететін көрінеді. Белсенді «бұл жағдайға сан мәрте куә болдым» дейді.

Сондықтан «баланы құзырлы органдар тезірек қамқорлыққа алып, тасбауыр әйелді ана құқығынан айыру керек» деп отыр. Ол бұл өтінішін әлеуметтік желіге де жариялады. 

Бұл Венера Қалменованың түсірген видеосынан үзінді. Мұнда анасы ішімдікке сылқия тойып алып, баланы құшақтап алған. Аяғына әрең тұр. Ақыры тәлтіректеп барып құлады. Белсендінің айтуынша, мұндай көрініс күнде болады. Ең сорақысы, көкек ана арақ ішіп тентіреп кеткенде бүлдіршінді кез келген жерге тастап кетеді.

Венера Қалменова, қала тұрғыны:

- Дачалардың бірінде видеозапись, телефоннан кетіріп тастадым, оның ішінде 6 ер адам бейтаныс, балаға ешкім емес, Айнұр өзі ішкілікті күйде, бала сол жерде жүр, сосын мойкаға тастап кеткен. Баланы 4-шағын аудан, 21-пәтердің алдына дымсыз бетонный полға тастап кеткен. Инспектордың анықтамасы бар, басында порез болды острый предметпен, вилка ма, пышақ па белгісіз, сосын оң қолы ма, сол қолы ма ожог болды темекіден. Денесінде полностью кәдімгідей синяктар болды.

Венера Қалменова баланың жағдайын айтып, қамқоршылық бөліміне бірнеше рет барғанын айтады. Бірақ ешкім құлақ аспады дейді. Ақыры осыдан 3 күн бұрын анасы мас болғасын полиция баланы алып кетіпті.

Қазір бүлдіршін көп бейінді балалар ауруханасында дәрігерлердің қарауында. Жағдайы жақсы. Тек жылулық пен мейірімге мұқтаж. Ал оны іздеп келер анасы жоқ.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Қазір бүлдіршіннің анасымен сөйлесу мақсатында ол тұрып жатқан үйге келдік. Құзырлы органдардың мәліметінше, Айнұр 4-шағын аудандағы 5-үйге тіркелген. Мінеки есікті ешкім ашқан жоқ. Полиция қызметкерлері де 3 күннен бері таба алмағанын айтады.

Ал қаладағы қамқоршылық бөлімі мамандарының айтар өз уәжі бар. Бүгінге дейін бір шара қолданбау себебін, алаңдайтын жағдайды байқамадық, деп түсіндірді. Дегенмен, ата-ана құқығынан шектеу шарасы қолданылуы мүмкін.

Жұлдыз Ағманова, қалалық білім бөлімінің тәрбие секторының меңгерушісі:

- Анасы үнемі баласының қасында, ондай факт полиция басқармасымен бірігіп жұмыс жасау барысында анықталған жоқ, әлеуметтік желіде темекімен қолын күйдірді, денесін күйдірген жоқ деген факт болған жоқ, баланың дені сау. Комиссия шешімі бойынша ата-ана құқығынан шектеу туралы сотқа береміз. Себебі ата-ана құқығын айыру – соңғы мүмкіндік. Алдағы уақытта шектеп, 1 жылға не 6 шектелгеннен кейін, анасы түзеліп, ішімдік өнімдерін қолданбай, тұрақты жұмысқа орналасса, анасына баласы қайтарып беріледі.

Әзірге бүлдіршін облыстық мамандандырылған балалар үйінде тәрбиеленбек. 1 жыл ішінде анасының тәртібі дұрысталмаса, онда сотқа қайтадан ата-ана құқығынан айыру туралы арыз беріледі.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев