426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақмола облысында 1,5 млн гектардан астам жайылым жетіспейді

  • 87
  • UPD: 20:45, 24.09.2021

Ақмола облысында 1 жарым млн гектардан астам жайылым жетіспейді. Бұл жүздеген ауылда мал жаятын жер жоқ деген сөз. Нәтижесінде шаруаларға ата кәсіппен айналысу қиынға соғып отыр.

Бұл мәселені жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтеріп, Үкіметке мәселені шешуді тапсырған. Мемлекет басшысы міндеттеген іс қалай орындалады?

- Малым күні бойы қорада тұрады...

Зеренді ауданының Айдабол ауылында тұратын Айдархан Әбітаев жайылым болмаған соң биыл мал басын екі есеге азайтқан. Қалған 150 бас ірі қараның өзін бағу қазір оңай болмай тұр дейді ол. Әзірге шаруа оларды жергілікті халықтың малымен кезектесіп жаюға мәжбүр. Өрістен әбден таршылық көрген шаруа сиырларды одан әрі сата бермек. Ал аудандық әкімдіктен ешқандай көмек жоқ.

Айдархан Әбітаев, жеке кәсіпкер:

- Малдарды қорадан міне жаңа ғана кеш болғанда шығардым. Енді әрі кетсе 2 сағат ғана жайылады. Әкімдік өзіме бөлек жер берсе ауылдың малымен жағаласпас едім. Мәселен, өткенде осы маңайдан жайылымдық жерге конкурс болды. Бірнеше адам қатыстық. Алайда біздің ауылымыздың іргесінде тұрған 688 гектар жерді комиссия Сандықтау ауданының кәсіпкеріне беріп жіберді.

Жергілікті билік өкілдері болса, ондай байқауларда кәсіпкердегі малдың саны, бизнеске құйған қаржысы, техникасы мен ашқан жұмыс орындары секілді дүниелердің бүкілі есепке алынады, дейді. Кім осының бәрінен алда тұрса, жер де соған бұйырмақ. Бірақ салалық басқарма басшылығы, жайылым үлестіруде алдымен ауыл фермерлеріне басымдылық берілу керек, деп санайды.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Басқа ауданға беріп жіберген фактілер болып жатады. Оның бәрі сол конкурстың комиссиясының мүшелеріне байланысты ғой енді. Бірақ шынына келгенде, сол ауылдың, сол округтың халқына берген дұрыс деп ойлаймын. Керек боп тұрған жерді сол ауылдың кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары пайдалануы керек. Ол комиссия біздің құзырымызда емес.

Бірақ мұндай конкурсқа шығатын жерлер ілеуде біреу ғана. Себебі, қазіргі заңнамаға сәйкес игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үшін бақандай 3 жыл керек. Президент Жолдауынан соң бұл мерзімді 1 жылға дейін қысқарту қарастырылып жатыр екен. Ал ол іске асатын болса, жайылым жетіспеушілігін құтылуға болады, дейді жерге жауаптылар.

Аслан Ризанов, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы жылдың 1 сәуірінде жаңартылған деректерге сүйенсек, облыста 2 млн 667 мың гектар жайылым пайдаланылмай отыр. Ол жерлерді 2 мыңнан астам кәсіпкер жалға алған. Оларға жерді игеру жайлы хат жіберілді. Нәтижесінде жалға алушылар 718 мың гектарды іске асыра бастаса, 103 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 418 мың гектары банкрот болған фермерлердің және банкке кепілге қойылған жерлер екені анықталды.

Осылайша дәл қазір 1 млн гектарға жуық жайылым жер игерілмей бос жатыр. Ал қажеттілік бұдан 700 мыңға көп. Дегенмен, сала мамандары Жолдаудан кейін нақты тетіктер пайда болса, осының өзі біраз мәселені шешер еді дейді.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы