Қуаңшылық Қармақшы ауданының шаруаларына қиындықтар әкелді

Биылғы қуаңшылық Сыр өңіріндегі Қармақшы ауданын да айналып өткен жоқ. Жауынның аздығы мен Сырдариядағы су деңгейінің тым төмен болуы күріш егу көлемін қысқартуға себеп болды. Тіпті кейбір ауыл тұрғындары есік алдындағы азын-аулақ бау-бақшасына су таппай қиналған. Түйіткілдің түйінін тарқату үшін жауапты мамандар қандай қарекетке көшті?

Биыл ауданмен аттас Қармақшы ауылы жаздың соңғы айына дейін ағын сусыз қалды. Қуаңшылық салдарынан елді мекен іргесіндегі көл өз деңгейінде суға толмаған. Бұл түйіткіл негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып есептелетін қармақшылықтар үшін айтарлықтай ауыр соқты.

Бимұрат Смаилов, қармақшы ауылының тұрғыны:

- Мына жердегі Иіркөл деген көліміз бар. Соған су келмеді да, ауылға су айдайлмай қалды. Негізгі насосымыздың бәрі осы Иіркөлде құрулы тұратын. Жылда көктемде осыған су келіп, бері қарай ешқандай кінәрат жоқ, әдемі су ішіп отқан ел едік.

Дегенмен, аудан басшылығы шұғыл шешім қабылдап, 8 мыңдай төрт түлікті өргізіп отырған Қармақшы ауылына Сырдария өзенінен тікелей 5 шақырымдық су арнасын қазып берген. Осы жұмыстардан кейін ғана жағдай оңала бастапты.

Мақсат Амантаев, Қармақшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

- Бүгінгі күнге дейін ауылға аяқсу берілді. Ауылдағы бақтар суарылды. Осылай келер жылы да осы қазылған каналдың игілігін көреміз деп отырмыз.

Сырдарияда судың жыл сайын азаюына байланысты Қармақшы ауданында 2019 жылдан бері 1400 гектарға аймақтың басты дақылының көлемі қысқарған. Ал биыл өткен жылмен салыстырғанда 500 гектарға күріш аз егіліп отыр. Мұндай жағдай келер жылы да қайталануы мүмкін. Сондықтан мамандар суды үнемді пайдаланудың жолдарын іздеп жатыр. Соның бірі Дауылкөл ауылындағы батыс қашыртқысындағы суды қайта пайдалану үшін 11 шақырым су арнасы қазылған. Бұл жұмыстар өзге де ауылдарда жалғасатын болды.

Жұлдызхан Ерқосаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:

- Онан бөлек Алдашбай ахун ауылдық округіне осындай оңтүстік қашыртқысынан суды қайта тартуды жоспарлап отырмыз. Үшінші Интернационал және Жаңажол ауылдық округтерінен Бұрмақұлақ қашыртқысынан осындай жоспарымыз бар. Оның республикалық деңгейде қаржысы шешілсе, келесі жылы немесе жылдың аяғында бұл жобаларды іске асыратын боламыз.

Мұнан бөлек ауданда Қожантай су тоспасын бөгеу жоспарланып отыр. Осылайша 3 мың гектардай жайылымдыққа су шығаруға болады екен. Мамандардың есебінше, бұл аумақта мал көлемін екі есеге дейін көбейтуге мүмкіндік бар. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов