Отандық дәрігерлер науқастың ЭКГ нәтижесін алыстан оқитын бағдарлама жасады

Отандық дәрігерлер ІТ мамандарымен бірлесіп бірегей бағдарлама жасады. Қосымша дәрігерлерге электрокардиограмма нәтижесін қашықтан білуге мүмкіндік береді. Енді шалғайдағы тұрғындар да маман кеңесіне жүгіне алады.

Ел дәрігерлері жасаған отандық бағдарлама мамандардың жұмысын анағұрлым жеңілдете түсті. Оның көмегімен кардиолог пен функционалды диагностика дәрігерлері науқастың электронды кардиограммасын  қашықтықтан оқи алады.

Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы:

- Мұндай жобалар медициналық технологиялар мен теледиагностиканы жасай алатынымызды көрсетуге мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде ғалымдар мен команда құрамы жабдықтар сатып алып, өздерінің барлық негізгі жұмыстарын сынақтан өткізді. Бұл өте пайдалы дүние болмақ. 

Электронды кардиограмма аппараттары көп, бірақ маман тапшы. Ал бұл қосымша бағдарлама зерттеу нәтижелерін электронды форматқа аударуға және оларды сақтауға мүмкіндік береді. Әрі ғаламтор болса кез келген дәрігер ашып нәтижені оқи алады. Бұдан былай шалғай ауыл тұрғындары білікті дәрігерлердің көмегіне еркін жүгіне алады.

Балжан Камалова, медбике:

- Кардиограмма онлайн түрінде түсірілді. Арнайы кардиологияға онлайн түрде жібереміз. Бұл бағдарламамен жұмыс істеу өте ыңғайлы әрі тез.

Бағдарлама әзірлеушілері ЭКГ суреттерімен жұмыс істеу ыңғайлы болу үшін мобильді қосымша жасады. Онда «толқындардың» ұзындығы мен енін, олардың арасындағы қашықтықты өлшеуге болады.

Нияз Малаев, интервенциялық хирург:

-  ЭКГ нәтижесі өте жылдам шығады. Қымбат жабдықты сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл платформа кез келген ЭКГ түрімен біріктіріледі. Біз халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Бірінші көршілес елдермен ынтымақтастық орнату көзделген. Болашақта бұл ультрадыбыстық, компьютерлік томография аппараттары сияқты зерттеулердің сандық форматына аударылуы мүмкін.

«Ғылым қоры» жетекшілік ететін жобаларды мемлекеттік қазынаға 41 миллиард теңге пайда әкелген. Бүгінде 155 жоба сәтті жүзеге асқан.

Айнұр Қуатқызы, Айгерім Бәбиш, Наурыз Базаров