Ақтауда былтыр ғана егілген көшеттер қурап қалды

Ақтаудың 17-ші шағын ауданында былтыр күзде егілген 120 терек көшеті түгелдей қурап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетілмеген өскіндерді жұлып алып тастаған. Бос шұңқырларды көрген қала тұрғындары әлеуметтік желіде наразылық білдірген еді. Әкімдік теректерді тұрғын үй компаниясы қалалықтарға сыйлық ретінде отырғызғанын айтады. Бұл аумақта топырақ қиыршық тасты болғандықтан, сынақ жұмыстары сәтсіз аяқталған. Ботаникалық бақ мамандарымен кеңесе келе, бұл ауданға басқа тал егуге шешім қабылданыпты.

Айта кетейік, қала аумағында 67 мың түп ағаш өсіп тұр. Биыл бюджеттен 890 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы 2 мың раушан гүлі мен 120 мың түрлі өсімдік егуге жұмысалып жатыр.

Серік Гусман, қала әкімінің орынбасары:

– Грунты өте нашар жердің. Сол себептерге байланысты ағаштар тамырын жібере алмады. Былтыр отырғызған уақыты да дұрыс емес негізі. Қыркүйек айында оны отырғызбайды. Көктемде немесе кеш күзде отырғызады. Басқа ағаштарды отырғызуға болады.