Талдықорған ауруханаларында бауырдың қатерлі ісігін жаңа әдіспен емдей бастады

Алматы облысының дәрігерлері бауыр ісігінің төртінші сатысын тың тәсілмен емдей бастады. Осыған дейін еліміздің ірі қалаларында жасалатын операция енді Талдықорған ауруханаларында қолға алынды. Жетісулық жас ғалым емдеудің жаңа әдісін енгізіп қана қоймай, елімізде алғаш болып тәжірбиелік зерттеу жүргізді.

Мадияр Өмірбаев бауыр обырын транс артериялық химио-эмболизация әдісімен емдеуді енгізген жас ғалым. Сәуір айындағы шеберлік сабағынан кейін ол сегіз адамға операция жасаған. Жаңа тәсілмен ем қабылдағандардың бірі – Әзиза Ердуәли. Науқас бұрындары үлкен қалаларға барып ғылыми орталықтарға ғана қаралатын.

Әзиза Ердуәли, қала тұрғыны:

 – Енді, әрине, Шымкентке, Алматыға барып жасату қиын болды. Себебі операциядан кейін жолды көтеру оңай емес.  Сондықтан қазір өзіміздің қаламызда осы мәселе жолға қойылып жатыр, біздің жас мамандарымыз, жас болса да білікті маман – Мадияр Амангелдіұлына көп рахметімізді айтамыз. Қолы жеңіл екен. Қазір, Аллаға шүкір, стабилизация процесі деп айтады, осындай жақсы көрсеткішке жетіп отырмыз.

Химиоэмбулизация әдісі тамырды тарылтып, бауыр ісігіне қанмен баратын элементтерді азайту арқылы наркозсыз жасалады. Соның нәтижесінде аурудың асқынуына жол бермейді. Мадияр Өмірбаев Ресейдегі форумда індеті өршіп кеткендерге де тиімді тәсілді қолдануға болатынын дәлелдеген.

Мадияр Өмірбаев, облыстық көпсалалы клиниканың бас дәрігері:

– Грозный қаласында біз төртінші сатыдағы бауыр ісігіндегі метостазы бар науқастарға және таргертый ем және химиоэмболизациялық емді қосарлана қолдана отырып үлкен нәтиже болатынын және де осындай науқастарға клиникалық ғылыми зерттеулер жүргізіп, сол ғылыми жұмысымыздың арқасында қазіргі төртінші сатыдағы бауыр обыры бар науқастардың үш жылдан астам өмір сүретінін дәлелдедік.

Жас ғалым жаңа тәсіл арқылы бауыр мен көкбауырға қатар ота жасауды да қолға алды. Болашақта соның тиімділігін ғылыми тұрғыда зерттеп, науқастарды аты жаман аурудан айықтырудың тағы бір жолын іздеп көрмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов