Қазақстан мен Украина мұрағаттары меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Украина мұрағаттары арасындағы ынтымақтастық арта түспек. Маңғыстау өңірінен Украинаға арнайы келген делегация осы елдегі мұражай қорымен «әріптестекті нығайту туралы» келісімге қол қойды.

Ирина Паламарчук Тарас Шевченко атындағы Ұлттық мұражай-қорығында 20 жыл қызмет етеді. Тәжірибелі маманды жаңа үлгідегі қазақ үй таңқалдырды. Украинаға Маңғыстау өңірінен арнайы келген делегация киіз үйдің әдемі жабдықтарын ала келген: оюлы көрпе, қазақ көйлек, көне тымақ, сыр сандық, қамшы мен домбыра шынымен көз тойдырады. Осылайша, Шевченко атындағы Ұлттық мұражай-қорығындағы қазақ бұрышы қайта жаңғырып, келушілер назарына жаңа жасақталған киіз үйді ұсынды. 

Ирина Паламарчук, Тарас Шевченко атындағы ұлттық мұражай-қорығының қызметкері:

– Украинаға 1989 жылы жеткізілген қазақ үйдің ішінде тұрмын. Негізі бұл киіз үй өткен ғасырдың 50-60 жылдарында жасалған. Бірақ жұпыны және ішкі жабдықтары толық емес еді. Енді міне, Қазақстаннан келген әріптестеріміздің көмегімен киіз үй тұрмыстық бұйымдармен толтырылды. Сәйкесінше, мұрағатта тұрған қазақ үйдің сәні кіріп, сұлу келбетін тапты. Мұражайға келген адамға ерекше әсер береді деп сенемін.

Қос мемлекет мұрағат ісін де қайта жаңғырты. Тарас Шевченко атындағы Ұлттық мұражай-қорығы мен Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы арасында «ынтамақтастық» туралы меморандумға қол қойылды. 

Пәния Сармурзина, Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

– Меморандум бойынша екі музей арасындағы қызметтер, оның ішінде Тарас Шевченконың мұрасын Маңғыстауда насихаттау. Қазақ халқының мұраларын осы музейде насихаттау жұмыстары толық қолға алынатын болады. Сонымен қатар ерекше айтып өткім келетіні бұл келесі жылы Маңғыстау облысындағы музейлердің ашылғанына 90 жыл толғалы отыр. Музейлердің басталуы бұл форт Шевченко қаласындағы Тарас Шевченко атындағы мемориалдық комлекстен бастау алады.

Тараптар әріптестікті нығайтып, әсіресе, ғылыми зерттеулер саласындағы тәжірибе алмасуды арттырамыз деп жоспарлап отыр.

Валентина Коваленко, Тарас Шевченко атындағы ұлттық мұражай-қорығының Бас директоры:

– Меморандум тек сөз жүзінде қалып қоймайды, біз екі елдің мұрағат қызметін арттыра түспекпіз. Әсіресе, ғылыми зерттеулер тұрғысынан тәжірибе алмасу  жоспарда бар. 

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою аясында қос елдің мұрағат қызметкерлері мен ғалымдары онлайн конференция ұйымдастарды. Онда Тарас Шевченконың Қазақстанда жасалған еңбектеріне ерекше тоқталып, оның бүгінгі күнмен сабақтастығы талқыланды. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко