Үкімет басшысы инфляцияның өсуіне қарсы шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды

Елдегі бағаны тұрақтандыру үшін Азық-түлік корпорациясы 87 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін сатып алады.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл туралы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мәселелері бойынша кеңес отырысында айтылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда сатып алынатын дақылдар тізімі кеңейді. Бұл өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін, оның ішінде ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал шаруашылығымен айналысып жатқан шаруашылықтарға өткізу үшін пайдаланылады. Мұның бәрі елдегі инфляция деңгейін тежеу үшін жасалып жатыр.

Айта кетейік, 8 айда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы 10%-ке өскен. Оған қуаңшылық себеп болды. Осыған орай Үкімет басшысы облыс әкімдеріне инфляцияның өсуіне қарсы шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Азық-түлік бағасы ­ бұл әлеуметтік сезімтал мәселе. Үкімет инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, бірінші кезекте АӨК секторындағы құнды қалыптастырудың бүкіл тізбегі бойында бағаларды тұрақтандыру бойынша іске асырады.