Қостанай облысында егін жинау жұмыстары аяқталды

Биыл әр гектардан орташа есеппен 7,2 центнерден өнім алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр қостанайлық диқандар 4 миллион тоннадан астам астықты қамбаға құйса, биыл 3 миллион тонна шамасында жинады. Өнімділіктің төмен болуына қуаңшылық әсер етті. Біраз алқап аптап ыстықта күйіп кеткен. Шаруалардың айтуынша, түсім аз болғанмен сапа жоғары. Жиналған бидайдың барлығы үшінші сұрыпқа жатады. Яғни, ұн тартуға жарайды. Мәселен, Ұзынкөл ауданында бидай сапасының көрсеткіші бұрын-соңды мұндай деңгейге жетпеген көрінеді.

Дмитрий Евстафьев, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Астық сапасы биыл үшінші сұрыптан төмен түскен жоқ. Қамырлылық 26 және одан жоғары болып келеді. Дәннің салмағы да жаман емес. Бір литрге шаққанда 780-790 грамм. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылдарға қарағанда бидай сапасы көз қуантады.