Беларусьте Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алу шарасы өтті

Беларусь Республикасында бұла күш иесі, қазақтың атағы жер жарған палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған халықаралық додалардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысты. Олар күш атасы атанған Қажымұқанның рухына тағзым етті. Сондай-ақ жас палуандарға грек-рим және еркін күрестен шеберлік сыныбын өткізді. Әлем чемпионаттарының және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері «мұндай шараның жастарға берері мол», дейді.

Асқар Бейсенбаев, Қазақстанның Беларусьтегі Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қажымұқан 1905 жылы Харбинде джиу-джитсу күресі бойынша алтын медаль жеңіп алды. Америка мен Оңтүстік Америкаға сапар барысында алтын медальмен марапатталды. Ал Ұлы Отан соғысы кезінде өзінің өнерімен ақша жинап, оған ұшақ жасатқаны белгілі. Осылайша, фашистермен күреске үлес қосты.

Александр Медведь, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы:

- Біздің спорт саласындағы тығыз байланысымыз жалғасып келеді. Жалпы спорт татулыққа, бірлікке жетелейді. Бұл, әсіресе, күресте жүрген спортшыларға пайдалы. Бұл олардың мол тәжірибе жинап, чемпионаттарға жақсы дайындалуына көмектеседі.