Мал дәрігерлерінің жалақысы өсе ме?

Ақмола облысының мал дәрігерлері ветеринария саласын дамыту үшін өздері бірқатар ұсыныс әзірлеп отыр. Естеріңізде болса, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке аталған саланы реформалауды тапсырған болатын. Себебі, мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы аз, жүйе де әбден ескірген.

Алматыдан ветеринария мамандығын меңгеріп, өзінің туған жері Сандықтау ауданының Лесное ауылына жақында ғана жұмысқа орналасқан Алексей Гонаго, бұл кәсіпке әкесінің ізімен келген. Ауасы бөлек ауыл мен кең даланы жайлаған төрт түлікті жақсы көретін жас жігіт қандай жағдай болмасын сүйікті ісіме адал боламын деп отыр.

Алексей Гонаго, Лесное ауылының мал дәрігері:

– Бірінші жалақым 100 мың теңге болған. Бұл да, әрине, көп емес. Бірақ жетеді. Тағы да көтереді деп үміттенемін. Бірақ мен ешқайда кетпеймін. Ақша деген басты нәрсе емес қой.

Бірақ жастардың бәрі Алексей секілді емес, бұл жұмысқа бара бермейді. Тіпті, осы мамандықты оқығандардың өзі басқа салаға кетіп жатыр. Мәселен, Алексеймен бірге бітірген жас мамандардың біразы қазір өзге бағытты таңдаған. Себебі, жалақы мәселесі бар. Осы тұста олардың өзге де замандастарын сөзге тарттық. Сұрағымыз: «Мал дәрігерінің еңбекақысын екі есе көтерсе, бұл салаға барар ма едіңіз?»

Әзірге аталған саланың қызметкерлеріне 200 мың теңге деген арман боп тұр. Айлығы аз болған соң, салада маман тапшы. Мәселен, Ақмола облысында 100-ден астам ветинарлық дәрігер жетіспейді. Ал аймақта осы мамандықты оқытатын бір ғана колледж бар. Олар жыл сайын 50-60 маман дайындап шығарады. Бірақ бәрі бірдей ауылға бармаған соң, бұл жұмыс та нәтиже бермей отыр. Олқылықтардың орнын толтыру үшін облыстық басқарма басшылығы жауапты министрлікке бірнеше ұсыныс жасапты.

Талғат Жүнісов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Көп мамандықтарға, мысалы, әлеуметтік көмек дейді, 25 процент Үкімет тарапынан ауылдық жерлерге бөлінеді. Бірақ нақты осы біздің ГКП сол заңнамаға келмей тұр. Өзіміздің тарапымыздан сол заңнамаға өзгеріс енгізсе деп министрлікке пікірімізді білдірдік. Сосын жасалған әр манипуляцияға 50 пайыз тағы да субсидия төлесе дейміз. Сонда мал дәрігерлерінің жалақысы өте жақсы болар еді деп ойлаймын.

Ақмолалық мал дәрігерлері саланы реформалау барысында Үкімет ветеринарияны бәсекелестік ортаға беріп қоя ма деп алаңдайды. Өйткені, аталған бағыт мемлекеттің бақылауынан кетіп, жекенің қолына өтсе, «көз қысты, бармақ басты» әрекеттер көбейіп, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін екенін айтады. Ал жалақы жақсарып, жүйе реттелсе, материалды-техникалық база да нығаяр деген үмітте.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко