426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

100 жасқа толған соғыс ардагері Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады

  • 140
  • UPD: 23:41, 26.09.2021
100 жасқа толған соғыс ардагері Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады

Жуырда 100 жылдық мерейтойын атап өткен соғыс ардагері Қайырлы Жоңқабаев Жеңіс сарбаздарына көрсетіліп жатқан құрмет үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, алғысын айтты. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли қарт майдангердің хатымен Facebook-тегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Жоңқабаев Қайырлы Уатайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Сізге екінші рет хат жолдап отырмын. Алдыңғы хатыма өзіңізден жауап алып, риза болдым. Мен жақында 100 жасқа келіп, ғасыр тойыма жеттім. Менің Сізге деген алғысым шексіз. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Сіздің менің ғасыр тойыма арнап жолдаған құттықтауыңызды жеткізді, сән-салтанатпен табыс етті. Одан соң Алматыда тұрып жатқан үйімнің ауласына Ұлттық ұлан сарбаздары құттықтап келіп, әскери оркестр ойнап, ерекше ілтипат, құрмет көрсетті. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат берді. «Ғасыр жасаған панфиловшы» деп БАҚ жарыса жариялады. Маған көрсеткен осындай құрметтеріңізге қарт майдангердің атынан үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін. Осылай, Жеңіс сарбаздарына көрсетіп жатқан құрметіңіз, соғыстан қайтпаған, майдан даласында және кейін қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету деп түсінемін. Олардың аруақтары разы болғай! Еліміз үшін атқарып жатқан оң істеріңіз табысты болсын. Сіз басқарып отырған Қазақ елі гүлдене берсін!»,  деп жазылған соғыс ардагерінің хатында.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қыркүйек күні Алматы әкімі Б.Сағынтаев Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ғасыр жасаған соғыс ардагері Қайырлы Жонқабаевты жүз жылдық мерейтойымен құттықтаған хатын жеткізіп, «Еңбегі үшін» төсбелгісін табыс еткен еді.

Қайырлы Жоңқабаев 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Небары 20 жасында соғысқа аттанған. 1941 жылы Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкіне алынып, пулеметші болған. Беларусь, Польшаны, Эстонияны азат етуге қатысқан. Әрқашан Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болғанын да құрметпен еске алады. Ол – «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген медальдардың иегері.

Биыл 100 жасқа толған майдангер Алматы қаласында тұрады. Қарт жауынгер 5 баладан 7 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.



Хабар 24 телеарнасы