425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда бірқатар әлеуметтік нысан жылу маусымына дайын емес

  • 64
  • UPD: 09:36, 27.09.2021

Павлодарда кейбір нысандар жылу маусымына дайын емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір әлеуметтік мекемелердің басым бөлігі жылумен қамтылды. Бірінші кезекте мектеп, балабақша мен ауруханалар қосылған. Бірақ 4 балабақша әлі күнге рұқсат алмапты. Бір балабақшаны жылуға қосатын, әзір мүмкіндік те жоқ. Мұнда балаларды тоңдырмас үшін жылытқыш құралдар қолдануға мәжбүр.

Кривенко көшесінің бойындағы жылу магистраліне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл ауданға диаметрі 600 миллиметр болатын құбыр тартылу үстінде. Жаңа жүйе жылу беру сапасын арттырып, энергия үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда құбыр тарту жұмыстары уақытында аяқталмады. Сол себепті №115 балабақша жылусыз қалды.

Наталья Овчинникова, балабақша жетекшісі:

- Ғимарат жылу маусымына дайын. Тиісті құжат қолда бар. Жылу алуға рұқсат та берілген. Қазіргі уақытта балабақша ішінде қалыпты температуралық режимді сақтап отырмыз. Балалар тоңбаса болды.

Температуралық режим сақталғанымен, балалар жылы киініп жүруге мәжбүр. Ал ата-аналар болса балаларға суық тиіп қала ма деп алаңдайды.

Балабақша бөлмесіндегі температура +19 градус. Бұл – нормаға сәйкес. Тәрбиешілер күн суытып кетсе ғимарат ішіндегі температура төмендейтінін айтады. Жылуды сақтау үшін әр бөлмеге жылытқыш қойған. Бүгінде 160 баланың 40-ы үйлерінде отыр. Арасында ауырып қалғандары да бар.

Вероника Шевченко, медбике:

- Балалардың денсаулығы жіті бақылауымызда. Қазіргі уақытта ұл-қыздардың 20%-і ауырып жатыр. Мұнда келгенде температураларын тексеріп, қадағалаймыз.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мердігер ұйым кестеге сай жұмыс істеп жатыр.

Салтанат Әкімбекова, қала әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. 29 қыркүйекте жылу жүйесі іске қосылады деп күтілуде. Кестеден кешігу әзірге жоқ.

Бұл – жылу желілерін қайта қалпына келтіріп жатқан ауқымда жоба. Павлодарда құбырлардың 84%-і тозған. Коммуналдық сала жылыту маусымына дайындық барысында көптеген ақауларды тауып отыр.

Салтанат Әкімбекова, қала әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Көп қабатты үйлерде ыстық су мен жылудың жоқтығы күрделі және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен тікелей байланысты. Себебі гидравликалық сынақтар жүргізілген кезде көптеген олқылықтар анықталды.

Жылыту маусымы Павлодарда жылдағы мерзімнен ерте басталды. Әлеуметтік нысандар жылуға қыркүйектің 16-ында қосылды. Соған қарамастан төрт балабақша, жиырмаға жуық оқу орны, 18 емдеу мекемесі жылуға қосылмаған. Тұрғын үй секторы жүйеге біртіндеп қосылады. Ал көп қабатты үйлер маусымға толық дайын. Ал жекеменшік сектордың шамамен 10%-і ғана жылуға қосылуға рұқсат алған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы