Павлодар тұрғыны әкесінің өліміне шипажай дәрігерлерін кінәлап отыр

Мүгедек жандар жылына бір рет мемлекет есебінен шипажайға бара алады.

Әрине, мүмкіндік болып тұрғанда демалып қайтқанға не жетсін?! Бірақ кейінгі кезде денсаулығын жақсартудың орнына ауруына ауру жамап қайтатындар көбейді. Демалам деп барып, белгісіз вирус жұқтырғандар бар.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Александраның әкесі шипа іздеймін деп бақилық болған. Әңгіменің төркіні мынадай. Олег Пак Павлодар облысындағы шипажайлардың біріне барып, денсаулығын жақсартпақ болған. Бастапқыда барлығы ойдағыдай болғанымен, бесінші күні оның қызуы көтерілген. Ал шипажай дәрігері «салқын тиді» деген диагноздан әрі аса алмапты. Ол жақтан ем таппаған соң науқас елордаға келіп қаралған. Алайда жағдайы жақсарудың орнына жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Онда екі апта жатып, Олег ақыры көз жұмады. Енді Александра әкесінің өліміне шипажай дәрігерлерін кінәлап отыр.

Александра Пак, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Шипажай дәрігерлері әкеме былай деп айтқан: сізде тұмаудың белгілері байқалады. Сондықтан диагнозыңыз ковид емес. Егер коронавирус диагнозын қоятын болсам, біздің шипажайды карантинге жауып қояды. Сол себепті емнің басқа жолын іздейміз. Ақыр соңында әкем ажал құшты. Ол вакцина салдырғанын айтып кету керек. Бірақ шипажайдағы дәрігердің салғырттығынан көз жұмды деп ойлаймын.

Ал шипажай қызметкерлері бұл сұраққа жазбаша жауап берді. «Барлық амалды жасадық, біздің кінәміз жоқ», - деп қысқа қайырды.

Александраның айтуынша, әкесі қант диабетімен ауырған.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Жалпы мүгедек жандарға оңалту бағдарламасына сәйкес жылына бір рет тегін емдеуге мүмкіндік берілген. Ол үшін порталдан жолдама алса жеткілікті. Жыл сайын шипажай қызметіне 80 мыңнан аса адам кезекке тұрады. Бірақ биыл олардың жартысы ғана өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланған. «Карантин қыспаққа алғанда тегін емделуге ниет білдірушілер азайды», - дейді жауапты мамандар.

Сырым Нәси, Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары:

- Өткен жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның басты мақсаты – әр мүгедек жанға өзінің оңалту бағдарламасына сәйкес оңалту техникалық құралдары мен қызметтерін таңдау мүмкіндігін беру. Биылдан бастап Қазақстанда тіркелген шипажайларға баруға мүмкіндігі бар.

Шипажайдың бір күндік бағасы 8300 теңге. Бағдарламаға сәйкес жолдама 10-нан 15 күнге дейін беріледі. Бірақ бір ескеретін жайт, ем іздеушіде шипажай таңдау мүмкіндігі жоқ.

Алмас Ержан, қала тұрғыны:

- Мүгедектігі бар азаматтарымыз соған жете алмай жатыр. Бара алмай жатыр. Барса да ол санаториялар дайын емес оларды қабылдауға. Әжетхана есігі тар. Немесе тамақ ішетін жері дұрыс емес. Немесе ем алатын жерлері үшінші этажда төртінші этажда лифт жоқ. Мүгедек жан барды, қандай пайда оған? Ақша да кетті. Сол үшін бір ұсыныс айтқанмын. Мүгедек жандарға ақшалай беру. 200 мың мысалға санаторияға беріледі. Қайда демаласың өзің таңдайсың. Бірақ соңынан чектармен есеп өткізесің.

Бірақ министрлік өкілдері әзірге бұл ұсыныстың қаралмайтынын қадап айтты. «Шипажайдағы санитарлық норма мен ем шарасына да араласа алмаймыз», деді. Сондықтан мүгедектігі бар азаматтарда осыған қанағат қылудан басқа амал жоқ. «Бастысы, шипайжайға ем іздеп барып, артынша дерт таппасақ болды», - деп отыр олар.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерзат Зайтхан, Ербол Дайыров