Қарағанды облысының Шабанбай би ауылында Әлихан Бөкейханның бюсті ашылды

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның бюсті ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», - деп басын бәйгеге тіккен бабамыз дәл бүгін, 27 қыркүйек күні жан тәсілім еткен болатын. Ескерткіш ауылдағы мәдениет үйінің алдына орнатылған. Биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 3 метрден асады. Қоладан құйылған, авторы – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Рухани тағылымы мол істі жүзеге асыруға ауыл азаматтары демеушілік көрсетіпті. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, «Әлихан – Алаш Ақсораңы» кітабының тұсауы кесілді. Онда ғалымдардың, тарихшылардың «Алаш» идеясы жайлы еңбектері топтастырылған.

Айта кету керек, биыл туғанына 155 жыл толған ұлтымыздың ұлы тұлғасы дәл осы Шабанбай би ауылы маңында дүниеге келген.

Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы:

- Әлихан Бөкейханов қазақ ұлтының бүкіл мың жыл бұрынғы, кейінгі күрес күндеріндегі өткен-кеткен тарихын талдап, тұжырымдап, біртұтас «Алаш» идеясын кіріктіріп берген тұлға. Өзінің туған жерінде тұғырға көтерілген ескерткіш сол ұрпақтардың Әлекеңді түсіне бастағанының, рухының сіңе бастағанының кепілі.