Қазақстанда қайтадан вакциналау мәселесін арнайы жұмыс тобы қарастыруда

Елімізде коронавирус індетіне қарсы қайта вакциналалау мәселесі қаралып жатыр.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті. Осы мақсатта елде санэпид қадағалау қызметтің мамандары, ғалымдар мен дәрігерлерден жұмыс тобы құрылды. Олар күн тәртібіндегі өзекті мәселе - қайта вакциналау жайын қарастырады. Бұл ретте халықаралық агенттіктер мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы назарға алынады. Тағы бір жайт, ревакциналауға қатысты әлемде нақты талап қойылмаған. Дегенмен, иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның қорытындысынан нақты шешім белгілі болады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қажет жағдайда ревакцинацияға еліміздің медициналық нысандары мен мамандары толық дайын. COVID-19 ревакцинациясы бұл жаңа дүние. Барлық деректі жинақтап, иммундау жөніндегі консультативтік комиссияның қорытындысынан кейін ревакциналау туралы жалпы жұртшылыққа нақты ақпарат берілетін болады.

IV тоқсанда елге «Pfizer» жеткізіледі

Қазір елімізде коронавирусқа қарсы үш вакцина қолжетімді. Сонымен қатар төртінше тоқсанда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Pfizer» екпесі жеткізіледі. Мұнымен қоса өзінің тиімділігі бойынша шетелдік екпелерден кем емес отандық вакцинаға қолдау жасалады. Оны шығаруға екі өндірістік алаң дайын. Өткен айда «QazVac»-тың 650 мың дозасы өндірілсе, осы айда тағы 750 мыңы шығарылады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Екі өндіріс алаңы даярланды. Жамбыл облысындағы зауыттың да толық дайындығы қамтамасыз етілді. Одан бөлек «Антиген» кәсіпорны базасында биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының екінші өндірістік алаңы іске қосылды. Олар «QazVac» вакциналарының циклімен жұмыс істейді.