ШҚО-да бағусыз жүрген малдың кесірінен 104 көлік апаты болды

Шығыста биыл жол бойында бағусыз жүрген малдың кесірінен 104 көлік апаты болды. Облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, жолға жақын елді мекеннің кейбір тұрғындары ортақ табынға малын қоспай иесіз жібере салады.

Ал қараусыз мал әсіресе түнде жолда қауіп төндіреді. Сондықтан тәртіп сақшылары ереже бұзған жүргізушілермен ғана емес, бағусыз жүрген малды да аңдып әлек. Жыл басынан бері бүгінге дейін 13 мыңға жуық мал арнайы айып қорасына қамалған. Малын бақпаған 5 мыңға жуық тұлғаға айыппұл салынған. Қазір облыс бойынша иесіз жүрген малды қамайтын 277 қора дайындалған. Полиция департаментінің мәліметі бойынша биыл қараусыз өрісте  жүріп жоғалған малға қатысты 116 факті тіркелген. Сондай-ақ ешқандай құжатсыз малды тасымалдаған 261 дерек анықталған. Күз түскеннен бері полицейлер үшін жол бойында жүрген малдың мәселесі қиын болып тұр.

Андрей Ларионов, облыстық ПД Жергілікті полиция басқармасы  басшысының орынбасары:

- Жолдағы бақташысыз  жүрген мал жүргізушілерге өте үлкен қауіп төндіреді. Бұл  көлік апатынан бөлек адам өліміне әкеліп соқтырады. Жолдың көрінбейтін бұрылыстары мен қауіпті аймақтары көп болғандықтан анықталған  мал иелеріне барынша тиісті шара қолданып жатырмыз. Қолданатын жаза әлі де  осал. Айыппұл төлейді де жүре береді.