Көкшетауда бірқатар көп қабатты үй жылусыз отыр

Көкшетауда бірнеше көп қабатты үйдің тұрғындары тоңып отыр. Ал қалада 22 қыркүйекте жылу берілді. Бірақ шаһардағы баспаналардың бәрі дерлік қамтылмаған. Бүрсең қаққан жұрт салқын баспанадан сая кеткенін айтады. Жылудың уақытылы берілмеуіне не себеп?

Бұл үйде 5 жылдан астам уақыт тұратын Ақнұр әжей жылу болмаған соң қазір электрлі жылу үрлегішпен амалдап отыр. Бірақ оның өзін түнде өрт қаупінен қорыққандықтан күндіз ғана қосады. Айтуынша, суықтың салдарынан денсаулығы да сыр бере бастаған. 

Ақнұр Кәрімова, қала тұрғыны:

- Өте суық, көрдіңіздер ғой жаңа. 10-11 градус боп тұр. Мына обогревательмен қоссаң ғана солай 10-11 болады. Түнде одан да суық болады. Жақпайды. Ал түнде қоспаймыз. Түнде керемет суық. Айтып тұрмын ғой, 8-9 градус. Одан да төмен түсіп кетеді қоспасаң.

Ақнұр әжейдің сөзін көршілері де қостады. Айтуларынша, мұның бәріне пәтер иелері кооперативі кінәлі. Өйткені үйді уақытында дайындамаған. 

Асқар Қажыкенов, қала тұрғыны:

- КСК-ға хабарласамыз, келмейді. Уақытында істемейді. Мынау құбырлардың өзін өзіміз істейміз. Подвалдардың бәрі ағып жатты ғой. Былтыр да кеш берді. 

Бұл үйдің кондоминимумын біз де таппадық. Болмаған соң жылу беретін мекемеге бас сұқтық. Мұндағы жауаптылардың сөзінше, жылуға қосылмай қалған үйлердегі мәселеге тек пәтер иелері кооперативі емес, өздері де себепші екенін жасырмады. 

Данияр Ақыбаев, коммуналдық мекеменің бас инженері:

- Қазір жылуды гидравлика және режим бойынша ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Себебі ол әр ауданда әр түрлі боп тұр. Бұл жарық емес қой, бір батырманы басып, бәріне бірдей тарата саласын. Сондықтан тұрғындардан бұған түсіністік танытып, сабыр етулерін сұраймыз. 

Коммуналдық мекеме өкілдері реттеу жұмыстары осы аптаның соңына дейін аяқталады деп сендірді. Оған дейін «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы магистральді құбырдың да күрделі жөндеуі аяқталып, жылу әрі кетсе 10 күннен кейін толық көлемде берілетінін жеткізді.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко