ТЖ жарияланған Арал ауданының жағдайы не болып жатыр?

Жауын-шашынның аздығы мен ауа райының жылдағы қалыптан тым ыстық болуы әрі Сырдария суының азайып кетуінен Қызылорда облысын қуаңшылық жайлағаны белгілі. Әсіресе құмды, шөлейтті жерді мекен еткен Арал ауданының тұрғындары қатты қиналды. Соңғы 4 жылда Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесіне Сыр өзенінен су мүлдем түскен жоқ. Құрғақшылықтан шаруалардың 600-ге жуық малы қырылды. 12 шілдеде Төтенше жағдай жарияланған аймақтың қазіргі ахуалы қалай? Ауылдағы ағайын қолдағы малын қыстан алып шыға ала ма?

2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 15 миллион теңгеге 105 бас тауарлы сиыр сатып алған Жәли Байтуғанов 5 жылда ірі қара санын 2 есеге өсірді. Аралқұм ауылынан жырақ орналасып, асыл тұқымды малын семіртіп сатып, 5 адамды жұмыспен қамтып жүрген шаруа биыл түліктің басын сақтау қиынға түсіп отырғанын айтады. Жаздыгүні бірнеше сиырынан айырылған ол, қалған малын келесі жылғы көкке қалай іліндіремін деген уайыммен жүр.

Жәли Байтуғанов, шаруа қожалығының төрағасы:

- 2 жылдан бері қуаңшылық бізге білініп отыр. Қыс қалай болатыны белгісіз. Не болғанда да малды сақтап қалуымыз керек. Несиеміз бар оны төлеуіміз керек. Сенбі сайын жәрмеңкеге ет апарамыз. Малымызды өткізе алмай тұрмыз осы тұрғанда. Екі ортада делдалдар бар. Бізден 1500-1700 теңге алады. Сосын базарда өздерінің бағасын қойып сатады.

Тіршілік нәрінің жетіспеушілігінен төрт түлік аумақтағы жайылымдық және шабындықтардан талғажау етер қылтанақ таппай қалды. Мергенсай ауылының тұрғыны Әселхан Әбіловтың да бірнеше түйе-тайлағы оты жоқ далада құм жеп өлген. Қолдағы өзге азын-аулақ малын мемлекет жеткізген жем-шөппен аман алып қалудың сәті түсіпті.

Әсемхан Әбілов, Мергенсай ауылының тұрғыны:

- Қатаң қыс болса жайылым жоқ деп көпшілігі біршама малын сатып жатыр. Қыстан қорқып. Мың жарым қап тегін жем берілді. 4 жарым мыңға жуық жоңышқа, пішен арзандатылған бағамен берілді. Шөптерді әкелу үшін және бағасын төмендету үшін жанармайын тегін беріп жатыр. Бұның барлығы халық үшін жасалып отырған үлкен көмек деп есептейміз.

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- 5 мүйізді ірі қара немесе 10 шақты малы бар 2 жарым мыңнан астам отбасыға шөп тегін таратылған болатын. 263 миллион теңге қаржы бөлініп, 5478 отбасына жем тегін таратылды. Ол 1400 тоннаны құрады. Жергілікті жерден 41 мың тоннаға жуық шөп дайындалып, әлде де қамтамасыз етіледі. 

Бүгінде қуаңшылық зардаптарын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қысқа қажетті мал азығының 55%-і шаруашылықтарға жеткізілді. Шалғай орналасқан 9 ауылдан мал суаратын ұңғыма қазу жобасы әзірленіп, қазір Мергенсайдағысы пайдалануға берілді. Жақында Ақбастыдағы құдықтан да мал су іше бастайды. Сонымен қатар Аспай су ағытқысын іске қосу арқылы Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне су құйылып жатыр. Нәтижесінде 7 мың гектардай шабындықты, 13 мыңға жуық гектар жайылымдықты суаруға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар аралдық шаруа қожалықтарына көршілес облыстардың Ырғыз бен Ұлытау аудандарына малын қыстатып шығуына келісімдер жасалды.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев