Әйелді 21 жерінен пышақтап өлтірген адам сотталды

Маңғыстау облысының тұрғыны сүйіктісін аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталды.

Ер адам отыз жастағы кездесіп жүрген әйелін 21 жерінен пышақтаған. Қандықол қылмыскер 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Кешкісін екі жастың арасында жанжал туындайды. Кейін ер адам әйелді пышақтап, құны 150 000 теңге тұратын телефонын және банк картасын ұрлап кетеді. Қылмыскер жәбірленушінің далада ойнап жүрген баласынан банк картасы мен телефонның пин-кодын сұрап алады. Шоттан 2 млн, мобильді қосымша арқылы 340 мың теңгені өзіне аударып, жұмсап келген. Әйел адам оқиға орнында көз жұмған.

Иниятулла Досетов, Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы:

- Ноғжанов деген азамат заңды некеге тұрмай, бірақ бірге тұрып жүрген азаматшаны қасақана өлтіргені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бабы бойынша, яғни 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы және 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза қолданған кезде жеңілдететін мән-жайды ескердік. Ол жәбірленушінің туыстарынан кешірім сұрап, жасаған әрекетіне өкінетінін көрсетті.