«Бізде балықшылардың еңбегі бағаланбайды» – бекіре балық өсіру зауытының директоры

Балық өсіріп, қарық қыла алмай-ақ қойдық. Уылдырық, қызыл балығымен мақтанатын Атырау облысында да мәселе жетерлік. Бекіре тұқымдас балық өсіретін қос зауыт 23 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Техникалық базасы да сол баяғы. Қолдаудың болмауы қол-байлау болып отыр.

Жайыққа жыл сайын бекіре тұқымдас балықтардың 7 миллион шабағын жіберетін қос зауыт мемлекеттік тапсырысты уақытылы орындап отыр.  Алайда күрделі жөндеу көрмеген мекеменің қазір сүзгілері мен тоғандары әбден тозған. Тіпті құрылғылардың пайдалану мерзімдері де өтіп кетіпті. 8 сағат бойы су айдайтын арнайы құрылғылар қазір бар-жоғы 3 сағат жұмыс істеуге ғана қауқарлы.

Рашиден Қалидуллин, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры:

– Бұрынғы өзінің алғашқы қалпындағыдай су сора алмайды. Жөндеу жасалғаннан кейін ол өзінің күшін азайта береді. Ол өте үлкен шығын. Себебі, біз қайта-қайта жөндетеміз.

Зауыттарды қайта жаңғырту керек дейді мамандар. Бассейндердің жамайтын жері қалмаған. Оған қоса білікті мамандар қатары да азайып барады.

Ғилман Сәрсемалиев, «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының директоры:

– Жалақымыз аз. Өте аз. Еліміздегі балықшылардың еңбегі өте төмен дәрежеде бағаланады. Сол жөнінде үлкен мәселе қойылған.

Зауыттар күрделі жөндеуден өтсе, мұнайлы өңірде жылына 12 миллион шабақ өсіруге мүмкіндік туады. Жауаптылар бұл мәселенің мән-жайына қанық. Қос өндірістің жағдайы тек мемлекет қолдауымен ғана шешім таппақ.

Алмас Асылбеков, Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

– Жұмыс істеп тұрғанына 20 жылдай болды. Олардың материалдық базасы тозғаны бізге белгілі. Сол бағытта олардың реконструкцясын және модернизациясын жасау көзделіп отыр. Ол үшін осы жылы инвестициялық жобаны әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылатын болады. Оң қорытынды алған жағдайда республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізеді.

Күрмеулі мәселе көп ұзамай шешім тапса, қос зауыт өндірісті өркендетуге білек сыбана кіріспек. Тіпті, рекордтық көрсеткіш көрсетуге дайын екендерін де айтады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев