Қытайдан келген қандастар Павлодар облысына қоныстанды

Қытайдан көшіп келген ағайын Павлодар облысындағы бос қалған ауылдарға қоныстанды. Қаңырап қалған елді мекендерге жан бітіп, үй қарасы көбейіп келеді. Соның арқасында Ресеймен шекарадағы Қаратай ауылы да 11 жылдық мектепті жабылудан сақтап қалды.

Жылдан жылға бала саны азайып бара жатқан Қаратай ауылында 11 жылдық мектеп 9 жылдық негізгі мектепке ауыстырылуы тиіс еді. Бірақ соңғы үш жылда ауыл халқы қандастарымызбен толықты. Қытайдан 20 шақты отбасы қоныс аударды. Ауыл мектебінде үш жыл бұрын 50 бала оқыса, қазір олардың саны 80-ге жетіпті. Ата-жұртқа келген ағайындармен мектеп ұжымы тығыз байланыс орнатқан.

Ботагөз Бекенова, Қаратай жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

– Үлкен талап қойып жатыр. Мектепке үнемі хабар береді. Ата-аналармен жиналыс жүргізіледі. Осы мектептің жағдайы қалай, еліміздің жағдайы қалай, барлығын оларға түсіндіреміз. Балалардың психологиясын тану үшін үнемі байланыс жасаймыз. 

Қытайдан қоныс аударған қандастарымыздың жоғары талап қоятыны тегін болмай шықты. Өйткені екі елдің білім беру үрдісінде айырмашылық жермен көктей.

Аяла Нұрбақыт, оқушы:

– Ол жақта сабақтар көп. Үй жұмысы да көп болады. Егер кейде бітіре алмаған үй жұмыстарды таңертең 5-те тұрып алып істейтінбіз. Бүкіл кітаптарды көтеріп жүрдік. Өйткені әрдайым сабақтар біреуі жоқ болса, екіншісінің орнына басқа пәндер болады. Кітаптарды ешқашан ұмытуға болмайды. Ол жақтың мұғалімдері өте қатал болды.

Еркебұлан Ризабек, оқушы:

– Бір күнде таңғы сағат 6-дан бастап кешкі сағат 7-ге дейін оқитынбыз. Түсте екі сағатқа ғана демаламыз, үйге кетеміз.

Бір кездері екі мыңнан аса халық тұрған Қаратай ауылында халықтың саны көбейгеніне жергілікті халық дән риза. Жасы тоқсаннан асқан Мұхаметжан ата Бекенов бар өмірін мал шаруашылығына арнаған жан. Ол тылдағы ерен еңбегі үшін сонау 1946 жылы мемлекеттік марапатқа ие болыпты.

Мұхаметжан Бекенов, тыл ардагері:

– 1945 жылы сол соғыс басылғаннан кейін сол колхоздың жұмысында жүрдік. 12-15 жасқа келіп қалдық қой деймін. Содан сол колхоздың жұмысынан бертін колхоз тарағанша айырылған жоқпын өзім. Қартайсамда істей бердім.

Биыл Қаратай ауылына апаратын жол жаңарды. Асфальт жол Лозовое ауылдық округіне қарайтын Богатырь, Қаратай ауылдарында ешқашан болмаған. Ауыл тұрғындары оны Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ауылымызға жасалған сыйлық дейді.

Нөгербек Сқақов, Қаратай ауылының тұрғыны:

– Міне, менің жасым 70-ке келді. Мына жолды сонша уақыт тосып отырдық. Құдайға шүкір, міне, салып жатыр. Осының қалғанын бітірсе, тіпті, төбеміз көкке жетіп, қуанышқа кенелер едік.

Бұл ауыл Қазақстан мен Ресейді жалғайтын Қосақ шекара бекетіне жақын орналасқан. Күніне ары-бері 500-ге тарта көлік өтеді. Алғаш рет жол бойында сервистік қызмет көрсету орталығы ашылатын болды.

Болат Баймолдинов, Лозовое ауылдық округінің әкімі:

– Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 7 тұрақты жұмыс орны ашылады. Онда тек ауыл тұрғындары жұмыс істейді. Бұл жерде газ толтыру бекеті, ұлттық нақышта кәдесыйлар сатылатын дүкен ашылады.

Бұдан бөлек, шалғайдағы елді мекенге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша су құбыры тартылады және Мәдениет үйінің құрылысы басталады. Екі жобаның да тиісті құжаттары дайын тұр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков