Оралда бірқатар көпқабатты үй шатырсыз қалды

Оралда «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегімен баспанасын жөндеп алмақ болған 5 қабатты үй тұрғындары шатырсыз қалуы мүмкін. Гәп неде десек, жазда басталған жөндеу жұмыстары қаржының жоқтығынан тоқтап қалған. Ал толассыз жауған жаңбыр суы пәтерлердің төбесінен ағып жатыр.

Кристина Дьякунның отбасы бесінші қабатта тұрады. Бір жыл бұрын ғана пәтерін күрделі жөндеуден өткізген екен. Бірақ жаңбыр суы төбеден аққанда бүкіл еңбегі еш болған. Өйткені, қазір бұл үйдің шатыры ашық-тесік күйде. Жазда басталған жөндеу жұмыстары жалғасын таппады. Соның салдарынан тұрғындар зардап шегіп отыр.

Кристина Дьякун қала тұрғыны:

– Үйдің шатырын жөндеп бастаған кезде шын қуандық. Кейін құрылысшылар көрші тұрған басқа үйге ауысып кетті. Ал біздің шатырды толық аяқтауға қаржы жетпей қалған. Енді не боларын білмей отырмыз. Жаңбыр жауса, төбемізден су ағады. Міне, тұсқағаздардың бәрі түсіп жатыр.

Лариса Полубабкина, қала тұрғыны:

– Шатырдан су кетіп жатыр. Қабырғалардың бәрі түгел дерлік құлады. Қазір жөндеу жұмыстары жасап жатырмыз. КСК жұмыс істемейді. Қайда барарымызды білмеймін.

Тұрғындар бұған дейін пайдаланылған құрылыс материалдарының сапасына да риза емес.  

Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Істелуі қажет жұмыстар құрылыс нормаларымен және ережелерімен сәйкес тексеруден өтті. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстары басталар алдында жаңағы оператор компаниясы және тұрғындар тарапынан 10 пайыз инициаторлық топ, сонымен қатар техникалық қадағалау бар, барлығын тексеретін болады.

Гагарин көшесіндегі бұл үйдің шатыры ай соңына қарай бітуі тиіс еді. Бірақ қаржы бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары әзірге тоқтап тұр.

Қыдырғали Жорасов, бағдарлама операторы, компанияның бас инженері:

– Қазір тоқтап қалды. Ал біздің үйлерді жөндеп жатқан мердігерлер құрылыс жұмыстарын өз қаржылары есебінен жүзеге асырып жатыр. Әзірге қаржыландыру болған жоқ. Аталған үйдің шатырын толық жөндеу мәселесін мердігермен бірге қарастырып жатырмыз.

Құрылысқа жауапты тарап жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Қала бойынша биыл 24 көпқабатты үй «Нұрлы жер» бағдарламасы асында жөнделуі тиіс еді. Соның тең жартысы нысанды тапсырды.

Жалпы, соңғы 10 жылда қалада 127 көпқабатты үй тұрғын үй коммуналдық саланы жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуден өткен. Келер жылы тағы 26 үйді жөндеу жоспарда.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов