Малын қараусыз жіберген фермер 1 млн теңге айыппұл төлейді 

Малын қараусыз жіберген маңғыстаулық фермер 1 млн 291 мың теңге айыппұл арқалады.

Былтыр тамыз айында «Сай Өтес - Шетпе» тасжолында түйені қаққан жүргізушіге хаттама толтырылған еді. Кейін бұл істе оның кінәсі жоқ екені анықталып, іс тоқтатылады. Ал жеңіл көліктің иесі бүлінген машинасын жөндеу үшін фермерден 2 млн 600 мың теңге көлемінде өтемақы талап етті. Биыл шілде айында Маңғыстау аудандық соты оның өтінішін қанағаттандырды. Жауапкердің аппеляциялық сотқа түсірген шағымы ескерілі, өтемақының тек 50 процентін төлеу  міндеттелді.

Марат Алдабергенов, Маңғыстау аудандық соты төрағасының м.а.:

– Түйе малы қараусыз далада жүріп, жол үстіне шығуына байланысты жол көлік оқиғасы болды. Нәтижесінде автокөлік иесіне шығындар келген. Сот шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, ақша өндірілді. Маңғыстау ауданы мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан мұндай арыздар сотқа келіп түсуде. Қазіргі кезде өндірісте 1 іс қаралды. 2-ші іс қаралу үстінде.