Аrcelormittal Тemirtau отандық тауар өндірушілерді қолдайды

Қазақстанда пайда тауып жатқан компаниялар мемлекеттік сату алуда жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беруі керек. Үкімет осындай тапсырма берді.

Күні кеше өткен «IV Субконтракт биржасында» түрлі саладағы 100-ден кәсіпорын бір алаңда бас қосты. Олар өз өнімдерін ұсынып қана қоймай, әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Отандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған көрме биыл да жалғасын тапты. Оған еліміздің 100-ден аса кәсіпорны қатысты. Соның бірі әрі бірегейі, АрселорМиттал Теміртау. Акционерлік ұйым өз қызметінде қазақстандық тауарөндірушілерді дамытуға басымдық беріп келеді. Ол үшін кешенді жоспар құрылған.

Андрей Блейх, Arcelormittal Temirtau АҚ өкілі:

– Қаржы нарығындағы ахуалды ескере отырып, биыл жергілікті қамтудың үлесін арттыруды көздеп отырмыз. Жалпы сатып алу көлемі 520 миллиард теңге болса, соның 364 миллиардқа жуығын өзіміздегі компаниялар игереді.  Осылайша, бір ғана тауарлар бойынша қазақстандық қамтудың үлесі 70%, қызмет көрсету 95 процентке жетеді.

Жарты жыл ішіндегі нәтиже де көңіл көншітеді. Компания 241 миллиард теңгеге тауар сатып алған. Соның 171 миллиардтан астамы отандық өнім алуға жұмсалды. Өсім 68 процентті көрсетті. Алда бұл межеден асып түсу көзделген.

Таир Тушиев, Arcelormittal Temirtau АҚ маманы:

– Мұндай көрмелер қызмет көрсету, сауда саласында жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді. Әр компанияның жұмысымен жақырынырақ танысып, қызықтырып жатса, байланыс орнатамыз. Тіпті, тың идея, озық ойларды осы жерден табатын кездер болады. 

Ұжым келешекте де қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Бұл бағытта Қарағанды облысында метал өндірісінің кластері құрылды. Қазірдің өзінде ірілі-ұсақты 30-дан астам кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. 

Авторы: Назерке Тоқжан