426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматы облысы әкімі мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым салды

  • 95
  • UPD: 15:35, 28.09.2021
Алматы облысы әкімі мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым салды

Облыс әкімі Амандық Баталов спорт саласының бірқатар мәселелері бойынша жиын өткізді. Онда «Жетісу» футбол клубының бүгінгі хал-ахуалы және Талдықорғандағы жүзу бассейнінің жұмысы туралы мәселелер қаралды,  деп хабарлайды Хабар 24 Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең алдымен Амандық Баталов спорт саласына жетекшілік ететін орынбасары Арслан Дәндібаевтан, облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев пен «Жетісу» футбол клубының директоры Серік Мұқановтан «Жетісу» командасының турнир кестесіндегі қазіргі ахуалына, алға қойған мақсаттардың неліктен орындалмағанына жауап берулерін талап етті.

Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, «Жетісу» командасы бүгінге дейін өткізген ойындарының қорытындысында турнир кестесінде соңғы орында тұр. Алда тағы 4 ойын өткізеді. Дегенмен бұл ойындардың нәтижесі көп нәрсе өзгерте алмайтын сыңайлы. Бірақ команда футболшылары 4 ойынның әрқайсысына бар күш-жігерін жұмсайтын болады.  

Облыс әкімі футбол клубының осындай жағдайға жеткеніне спорт саласының жетекшілері, клуб басшылығы кінәлі екенін қадап айтты.

– Кәсіби клубтардың бюджетін азайту, легионерлер санын кемітіп, жергілікті футболшыларды тарту сияқты өзгерістерді Қазақстандағы барлық клубтар бірдей басынан өткерді. Сондықтан – ол себеп емес. Мәселе – футболшыларымыздың жеңілісінде де емес, олар барын салып ойнады. Мәселе – клуб басшылығының жауапсыздығында, тактикалық, стратегиялық жоспарларының жоқтығында. Әрбір ойыннан кейін басшылық ретінде жиын өткізіп, жоспар-есептерді қайта қарап, талқылау жасап, турнир кестесіндегі жағдайға байланысты түбегейлі шара қабылдауларың керек еді. Қазақстан чемпионаты аяқталсын, Жетісу футболындағы жағдай үшін барлығың да жауап бересіңдер, – деді А.Баталов.

Атап өтсек, «Жетісу» футбол клубының жаңарған құрамында 15 ойыншысы - облыстың жас түлектері, 5-еуі – қазақстандық футболшы, 7 спортшы - легионер. Әзірге «Жетісу» футбол командасы турнир кестесінің соңында тұр.   

Екінші мәселе, Талдықорғандағы жүзу бассейнінің жұмысына қатысты болды. Амандық Баталов бассейннің ең алдымен қала тұрғындары үшін салынғанын айтты. «Олай болса, неге қарапайым азаматтар бассейнге бара алмайды?», - деп әкім сұрақты төтесінен қойды.

Жабық жүзу бассейнінің директоры Мерей Сүйіновтің айтуынша, мекеменің басқару формасы «Су спорты түрлері бойынша облыстық мамандандырылған мектеп» КММ болып құрылғандықтан ересектерге ақылы қызмет көрсетуге заңдық құқығы жоқ екенін, ал абонементтік қызмет көрсету үшін басқару формасына өзгерту енгізу керектігін жеткізді. Сол сияқты қазіргі кезде бассейн санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес кешкі сағат 17.00-ге дейін ғана жұмыс істеп тұр. Қалыпты жағдайда спорттық мекеме өз жұмыс уақытын түнгі сағат 22.00-ге дейін ұзарта алады.

Облыс басшысы Амандық Баталов бассейн ең алдымен қарапайым халық үшін салынғанын тағы да еске сала келіп:

– Әрине, онда кәсіби спортшылар, балалар жаттығуы тиіс. Басқа қалалардағы спорттық командалардан да біздің 52 метрлік бассейнде жаттығуға сұраныстар түсіп жатқанын білемін. Бірақ спорттық нысан қала тұрғындарына да міндеті түрде қызмет көрсетуі тиіс. Бассейннің басқару құрылымын қалай өзгертесіңдер, абонемент арқылы қызмет көрсетуді қалай жолға қоясыңдар, осының бәрін жүйелеп, нақты ұсыныс әкелу үшін 10 күн уақыт беремін. Бірден айтайын, мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым саламын. Қарапайым халықпен қатар абонемент сатып алып барсын. Бассейнге арнайы гид штатын белгілеңдер. Ол ниет білдіргендерге барлық бассейн, фитнес залдарын аралатып, таныстыратын маман болуы керек. Әрине, бассейн жұмысында барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау – ең басты назарда болуы тиіс, – деді А. Баталов.

Еске салсақ, бүгінгі күні жабық жүзу бассейнінде 21 жаттықтырушы 1126 баланы су спортының үш түрінен жаттықтыруда. Кезекте тағы 2 мыңнан астам бала тұр. Жаттықтырушылардың жұмысқа тартылуына қарай балалар іріктеуге кезек ретімен шақырылатын болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүзумен айналысуына арнайы уақыт белгіленген.

Осы жиын барысында облыс әкімі А.Баталов «ҚазМұнайГаз» және «Самұрық Қазына» ұлттық компаниялары бірлесіп өз қаражаттарына Талдықорған қаласына бір спорт кешенін салып беруге пейіл танытқанын жеткізді. Бұл – қалалықтар үшін үлкен сый болмақ. Жиында болашақ спорт нысанының спорттың қай түріне арналатынын анықтау тапсырылды.  

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Хабар 24 телеарнасы