Алматыға жылу қашан беріледі

Коммуналдық кәсіпорындар мен желілер жылыту маусымына дайын. Бұл туралы Алматы қаласының энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Евгений Пак айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал тілшілердің жылыту маусымына қатысты сауалына ол жылу күн суытқан бойда берілетінін айтты. Пактың айтуынша, алматылықтардың үйлеріндегі жылу бес күн ішінде орташа тәуліктік температура 8 градустан төмендеген кезде қосылады.

– Біз жүйені қазір де енгізуге дайынбыз. Бірақ әзірге температура жоғары, – деп түсіндірді Евгений Пак.

Ол жылыту маусымына дайындық мамыр айында басталғанын атап өтті. Гидравликалық сынақтар кезінде 600-ден астам зақым анықталды. Олардың барлығы жойылды.

Негізгі және резервтік отын қоры да дайын – 229 мың тонна көмір және 23 мың тонна мазут сатып алынған.