Нұр-Сұлтан-Уфа әуе бағыты ашылуы мүмкін

Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан – Уфа арасындағы әуе қатынасы ашылуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің Башқұртстанның басшысы Радий Хабировпен өткен кездесуінде мәлім болды.

Екіжақты келіссөз барысында аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, трансшекаралық саналатын Жайық өзенінің қорын ұтымды пайдалану мен экожүйесін қорғау мәселесіне ден қойылды. Сондай-ақ, тараптар Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетудің жолдарын талқылады.

Жалпы екі ел арасындағы алыс-беріс, инвестиция, көлік-логистика, энергетика, және басқа да саладағы ынтымақтастықты әлі де арттыруға болады. Тек биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымы 200 млн АҚШ долларын құраған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға өскен.