Қазақстандық медианарыққа әлемдік трендтер керек

Тың технология күн санап дамып жатыр.

Жаңа трендтерден отандық бұқаралық ақпарат құралдары да қалыс қалмады. Заманға сай түрлене түсті. Бірақ коронавирус пандемиясы басталғалы желіде желдей ескен жалған ақпараттар жұрттың үрейін туғызды. Сондықтан дәстүрлі ақпарат көздеріне сүйенген жөн. Astana Media Week апталығы аясында өткен басқосуда сарапшылар осылай деді.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Еліміз егемендік алғаннан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдары түрленді. Қазақстанның әлемдік өркениет алдындағы иммиджін қалыптастыруға айрықша үлес қосты. Бұл тақырыпты медиа апталықтың екінші күнінде бас қосқан сала мамандары тілге тиек етті. Ақпарат саласының мамандары жаңа технология мен тың трендтерді жіліктеп берді. Қазіргі ақпарат майданында дәстүрлі құралдардың жүйелі әрі сапалы жұмыс істеуі өзекті. Қазақстандық медианарыққа әлемдік тренд керек дейді.

Арманжан Байтасов, медиаменеджер:

- Қазір дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар әлеуметтік желі де ақпарат көзіне айналды. Бәрінің аудиториясы бір. Сондықтан қазір барлық БАҚ-тың әлеуметтік желіде парақшасы бар. Журналистерге де трендтен қалмауды ұсынамын. Тек нақты тексерілген хабарды таратуға кеңес беремін.

Коронавирус пандемиясы әлемдік қана емес отандық БАҚ-қа да көп өзгеріс әкелді. Жұрт жаппай онлайнға көшкен тұста еліміздегі басылымдардың бірқатары электрондық нұсқадағы портал ашты. COVID-19 талай жалған ақпаратқа арқау болды. Мамандар пандемиямен қатар жалған ақпаратпен де күрескенін айтады. Себебі желіде желдей ескен хабарлар вирустан да жылдам тарады. Ал, дәстүрлі медиа шынайы жаңалық таратудан жаңылмады.

Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі:

- COVID-19 пандемиясы әлем экономикасы мен денсаулық сақтау саласына қауіп төндірді. Бұл, әрине, Қазақстанды да айналып өтпеді. Осы тұста ақпарат ағыны бұрынғыдан да көбейе түсті. Адамдар шындық пен жалған ақпаратты ажырата алмай абдырап қалды. Мұндайда тек нақты сала мамандарының сөзіне сүйенген жөн. Сонда ғана қиындықтарға бірге төтеп бере аламыз.

Astana Media Week халықаралық пікір алмасу алаңында ақпарат таратудың заманауи тәсілдері, салаға әлемдік трендтерді енгізу сынды тың ойлар сарапқа салынды. Онда елімізбен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның медиа майталмандары пікір алмасты. Сала мамандары онлайн және оффлайн форматта ой қосуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурыз Базаров